Қоғам

Пікірталас шеберлері сынға түсті

Шараға қала колледждері мен СҚМУ студенттері және пікірсайыспен кәсіби түрде айналысатын жастар ат салысты. Турнир орыс тілінде, Британдық парламеттік форматта ұйымдастырылған. Оның аясында бір уақытта 4 команда өзара сынға түсіп, талқыға тасталған резолюция, яғни тақырып төңірегінде кезек-кезек көзқарастарын білдірді. Сайыс барысында белсенді жастар жаһандық саясат, АҚШ экономикасының өзге мемлекеттерге әсері, жасанды интеллекттің адамзат үшін пайдасы мен зияны және кәсіби спортта допинг қабылдауға рұқсат беру сынды өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты.

Қуаныш Мәметов – СҚО Жастар саясаты басқармасының жастар ресурстық орталығының директоры:


– Қазір теріскейлік жастар арасында пікірсайыс клубтарын ашып жатқандар көп. Мұнда олар өз ойларын ашық әрі еркін жеткізу, жұрт алдында қысылмай сөйлеу шеберлігін меңгеріп, экономика, саясат сынды күрделі салалардағы білімдерін тереңдете түседі. Біздің орталық бұл бастаманы толықтай қолдайды, бүгінгі турнирді ұйымдастырып отырғанымыз да содан. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар қарастырылған.

Рүстем Арманов – “Церебриум” пікірсайыс клубының жетекшісі, Петропавл медициналық колледжінің студенті:


– Церебриум” клубы 4-ші жыл жұмыс жасап келеді. Көптеген аймақтық және республикалық сайыстарға қатысып тұрамыз. Соңғы рет Астанада өткен “Нұр Отан” кубогіне барып қайттық. Бұл ойын сөйлеу мен ойлау қабілеттерін ғана емес, көшбасшылық қасиеттерді де дамытады.

Саят Ермек