МТРА жаңалықтары

Қылмыстық атқару жүйесінің департаменті ардагерлерді ардақтады

Мерекелік шараға жиналған өңірдегі түзету мекемелерінің қызметкерлері алдымен Жеңіс саябағындағы монументке гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысында қаза болған ұландарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

Айқын Баженов – ЕС 164/8 мекемесінің басшысы, Айыртау ауданы:

– Мерекелік жиынның мақсаты ҰОС ардагерлерін еске алу. Сонымен қоса, қылмыстық-атқару жүйесінің зейнеткерлеріне тағзым ету. Бүгінгі іс-шараға жеке құрамның 100-ге жуық қызметкері қатысады.

Кейін қылмыстық атқару жүйесінде еңбек еткен 11 зейнеткерге, Ұлттық Ұлан, облыстық ІІД және қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қызметкерлеріне алғыс хаттар табыс етілді. Тағы бір топ ардагерге Ішкі Істер Органының 25 жылдығы төс белгісі табысталды. Сондай-ақ, мерекеге орай, жас қызметкерлер ант қабылдады.

Гүлден Досжан – ЕС 164/9 мекемесінің қатардағы жауынгері:

– Осы ұлы мереке қарсанында әскери ант қабылдағаныма қуаныштымын. Кішкентай кезімнен әскери мамандық жайлы армандайтынмын. Өткен жылы колледжді бітіргеннен соң, 3 ай көлемінде Павлодар қаласында бастапқы дайындықтан өтіп, өз арманыма қол жеткіздім.

Бүгін құрметке бөленгендердің арасында Жамбыл Құсайын да бар. Ол балаларды тергеу-оқшаулау орнында 22 жылдай еңбек еткен. Ардагердің өмірі өскелең ұрпаққа өнеге болып табылады.

Жамбыл Құсайын – еңбек ардагері:


–  92 жылы мамыр айында зейнетке шыққан кезімде майор атағы берілді. Ал менің жолдасым Жібек Орынбасарқызы сол балалар тергеу-оқшаулау орнында медбике болып қызмет атқарды. Осы мерекені пайдалана отырып, қылмыстық-атқару жүйесінің департаменті мен колония басшысына ризашылығымды білдіремін. Олар жыл сайын мені марапаттап, көмек көрсетеді.

Қатарлары сиреп қалған соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне қандай сый-құрмет көрсетсе де артық емес. Олар алдында бас ию, ерлікке тағзым ету – кейінгі буын өкілдерінің ең қастерлі борышы.