Қоғам

Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің аукционы

Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында сатылым кестесіне 4 нысан қойылыпты. Аукцион нәтижесі бойынша олардың үшеуі саудаланып, 603 мың теңге көлемінде қаражат өндірілген. Бұдан бөлек, департамент мемлекеттік меншіктің бірқатарын ең көп дегенде 3 жылға жалға береді. Кәсіпкерлердің басым бөлігі түзету мекемелеріндегі дүкендерді иеленгісі келеді екен.

Ринат Низамов – СҚ мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бас маманы:


–  2018 жылдың 1 сәуіріне дейін мемлекеттік мүлікті сатып алу құқығынсыз сенімгерік басқаруға беру туралы 21 шарт жасалды. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде 26 шарт жасалған болатын. Бұл көрсеткіштің төмендеуі – Есіл ауданына қарасты Горный поселкесіндегі түзету мекемесінің жабылуынан туындап отыр.

Ал, аталған түзету мекемесінің жатақханасы аукционға шығарылып, сатылған. Бастапқы бағасы 13 млн 719 мың теңге болғанымен, нысан небары 398 мың теңгеге сатылып кеткен. Ғимарат өте ескі, сол себепті, құнын төмендетуге тура келіпті. Алғашқы аукционда өтпеген зат, екіншісінде 50 пайыз жеңілдікпен саудаланады. Бұның өзінде жаңа иесі табылмаса, оның сомасын 1 теңгеге дейін төмендету мүмкіндігі қарастырылған. Әдетте, бұл санатқа сатып алуға тиімсіз құрылыс нысандары жатқызылады дейді мамандар. Жалпы, сатулар gosreestr.kz сайтында өткізіледі. Қатысу үшін электрондық қолтаңба мен бастапқы жарна енгізу қажет. Негізі департамент мемлекеттік мекемелердің ескірген мүліктерін және сот барысында тәркіленген заттар, көліктері мен нысандарды саудалайды.

Қорғанбек Бейсембин – СҚ мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бас маманы:


–  Мәсәлен, 2017 жылы департамент 62 бірлік техниканы саудаға қойды. Осылайша мемлекет меншігіне тәркіленген «мерседес бенс 450» маркалы көлігі 3 млн 709 мың теңгеге сатылымға қойылып, аукцион басталған сәтте-ақ иесін тапты. Ал, «мерседес бенс 180ц» машинасының бастапқы құны 578 мың теңге болса, ол 930 мың теңгеге саудаланды. Тағы 26 623 шөлмек «Балтика» сырасы 662 мың теңгеге сатылды. Яғни, әрбір бөтелкенің бағасы 25 теңгені құрады.

Департамент айына кемінде бір рет аукцион ұйымдастырады. Сатылымға қойылатын заттар мемлекеттік, заңды тұлғаларға бөлек және жеке тұлғаларға бөлек сатылады. Мәселен, соңғы санаттағылар киім-кешек, самсунг, нокиа, айфон маркалы смартфондар, принтер, ара мен түрлі шоколадтарды да аукционнан ала алады екен. Бұған қоса, мамандар тағы мемлекеттік орган қызметкерлері отыратын кабинеттердің аумағына да тексеріс жүргізеді. Ол бекітілген нормаларға сай болуы қажет екен. Мысалы, облыс орталығында басшылардың бөлмесі 25, ал мамандікі 7,5 шаршы метрден аспауы қажет.

Эльмира Садвокасова