Қоғам

“Аттракциондар әлемі” жазғы маусымды ашты

Саят Ермек – тілші:


– Кішкентай бүлдіршіндердің, жастардың, тіпті зейнеткерлердің сүйікті демалыс орны жыл санап көркеюде. Биылғы маусымда да жаңашылдықтар аз емес.

Мәселен, биыл саябақ екі бірдей аттракционмен толықты. Алғашқысы – “Ракетоплан” отбасылық каруселі. Бір рет отыру құны – 400 теңге. Жеті жасқа толмаған балғындар бұл әткеншекке ата-анасымен міне алады. Тура Атьковтар отбасы секілді. Әкесі – Эдуард, анасы – Дана 2 жасар қыздары Элинамен саябақта күнде серуендейді. Бүгін олар “Ракетопланды” сынап көрді. Бүлдіршін мәз-мейрам, ата-анасы да қуанышты.

Дана Атькова – қала тұрғыны:


– Өте керемет! Қызымның да менің де көңілімнен шықты. Бастысы қауіпсіз екен. Кішкентай бөбектері бар отбасылар үшін таптырмас әткеншек.

Ал мынау – “Бумеранг”. Нағыз жүрек жұтқан батыл азаматтарға арналған жаңа аттракцион.

Саят Ермек – тілші:


– Бұл әзірге Петропавлдағы ең экстремалды аттракциондардың бірі. “Бумеранг” 8 метрге дейін көтеріліп, ауада шыр-көбелек айналады. Сондықтан мұнда қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінген. Әр орындықта авиациялық белдіктер тұр. Шаһарда жуырда ғана орнатылған “Бумерангты” алғашқылардың бірі болып мен сынап көремін.

Небәрі 500 теңге төлесеңіз болғаны, адреналин, қорқыныш пен жақсы көңіл күйдің ұтымды үйлесімін табасыз. “Бумеранг” ешкімді де бей жай қалдырмайды.

Инсия Мугултдинова – қала тұрғыны:


– Біздің айқайымызды барлық саябақ естіген шығар. Алған әсерімді сөзбен жеткізу қиын. Бұл менің сүйікті аттракционыма айналды! Жыл сайын олардың қатары көбейе берсе деймін.

Бұл аттракцион Белоруссияда жасалған. Оны шетелдік мамандардың өздері келіп орнатып кетіпті. Құны – шамамен 40 млн теңге.

Александр Козлов – “Мир аттракционов” ЖШС директоры:

 

– Қалада экстремалды аттракциондардың жоқтығына көңіл аударып, ойланбастан “Бумерангқа” тапсырыс бердік. Ол жасы 12-ден асқан адамдарға арналған. Қомақты қаржыны “Даму” кәсіпкерлікті қолдау қорынан қарызға алдық. Қазірдің өзінде аттракционға деген сұраныс жоғары. Сондықтан, жұмсаған қаражатты 6 жылда қайтарып алуға болады.

Бұдан басқа саябақта тағы 35 атракцион бар. Маусым басталмай тұрып мамандар әрқайсысының қауіпсіздігіне көз жеткізген. Тағы қызметкерлер күнде таңертең темір құрылымдардың бүтіндігі мен жұмысының мінсіздігін тексереді. Бақылаушылар да қажетті нұсқаулықтардан хабардар дейді басшылық. Бұдан бөлек “аттракциондар әлемінің” келбеті биылғы маусымда көркейе түседі. Қазірдің өзінде аумаққа емен, қарағай мен қайыңның 30 көшеті егілген. Жуық арада гүлдер отырғызылады. Серуен уақытындағы қауіпсіздік те назардан тыс қалмаған. Бүгінде саябақ аумағын 24 бейнекамера бақылап отыр. Бір сөзбен айтқанда, петропавлдықтардың алаңсыз дем алуы үшін мұнда қажетті жағдайлардың бәрі жасалған.

Саят Ермек