Құқық қорғау органдары

Полицейлер құрметке бөленді

Елдегі тыныштықпен қатар бірлікті сақтап, нығайтуға полицейлер қауымы зор үлес қосып келеді. Сол себепті құқық қорғаушылар құрметке лайық. Қазақстан халқының бірлігі мерекесі қарсаңында олардың еңбектері елеусіз қалмады. Мейрамға орай ұйымдастырылған салтанатты шарада 1 топ маманға Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың “Ішкі істер органдарының ардагері” және ІІІ дәрежелі “Мінсіз қызметі үшін” медалі табысталды.

“Мінсіз қызметі үшін” медалін СҚО ІІД ақпараттық-сараптамалық орталықтың аға инспекторы Айгүл Сәбитова да алды. Нәзік жандының негізгі мамандығы – мұғалім. Дегенмен де азаматша бала кезінде полицей атануды армандапты. Сол себепті дипломын алған соң құқық қорғау органдарында қызмет етуді таңдаған. Қазіргі күні жерлесіміздің бұл саладағы еңбек өтілі 10 жылдан асады.

Айгүл Сәбитова – СҚО ІІД ақпараттық-сараптамалық орталықтың аға инспекторы:


– Іздеуде жүрген адамдарды анықтап, оларды тізімге қосамын. Жыл басынан бері 150 адамға іздеу салынды.

Бұдан бөлек, жиында қызметін адал атқарған мамандарға “Қазақстан полициясына – 25 жыл” төсбелгісі мен СҚО ІІД бастығы Берік Біловтың мақтау грамотасы және алғыс хаты берілді. Тағы, 8 тәртіп сақшысы кезекті шендерін алды. Мұндай құрметке бөленгендердің арасында Ерлан Әбілов те бар.

Ерлан Әбілов – Аққайың аудандық ІІБ ЖПҚ учаскелік инспекторы:


Аққайың ауданына қарасты Қиялы селосында учаскелік инспекторы болып қызмет атқарамын. Жұмысым өзіме ұнайды. Бүгін Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында капитан шенін алып отыр. Бұл мен үшін үлкен жетістік. Әрі қарай да еңбек етіп, еліміздің тыныштығын қамтамасыз етуге үлес қосамын.

Салтанатты жиында сөз алған СҚО ІІД бастығы Берік Білов жиналған қауымды 1-ші мамыр Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.

Берік Біләлов – СҚО ІІД бастығы:


Ұлтаралық келісім, бірлік пен татулық біздің елде жақсы сақталған. Мұндай асыл құндылықтардың арқасында тұрғындар тату тәтті өмір сүріп жатыр. Біздің департаментте де 17 ұлттың өкілі қызмет етеді. Осы жандардың біразы бүгінгі жиында марапат алды. Бұл олардың еліміздегі тәртіптің сақталуына қосқан үлесіне берілген баға.

Шара соңы, мерекелік концертпен аяқталды.

Култанов Байболат