Мәдениет

Облыстық “Радуга” ұлттық-мәдени фестивалі өтті

Дәстүрге айналған фестивальде түрлі ұлыстар мен халықтардың ән-билерінен шашу шашылды. Солардың бірі “Қарлығаш” ұжымы әзірлеген әзірбайжан биі. Бұл іс-шараға аталмыш би ансамблі үлкен дайындықпен келіпті. Диас Ерсаинов үшін бұл бірінші фестиваль екен. Дегенмен, биші өзін сахнада сенімді ұстап, барын салды.

Диас Ерсаинов – “Қарлығаш” би ансамблінің бишісі

– Биге төрт ай көлемінде қатысып жүрмін. Біздің ұжымда төрт жігіт бар. Әр ұлттың биін билейміз.

Мамырдың 1-і Қазақстан халқының бірлігі күніне орайластырған бұл байқауға аудандар мен облыс орталығынан 300-ге жуық өнерпаз жиналған. Дарынды жастар ұлттық аспаптарда ойнап, мың бұрала би билеп, өнер сүйер қауымның ықыласына бөленді.

Ирина Колодаева – оқушылар сарайы директорының орынбасары:

– Байқаудың басты мақсаты – Солтүстік Қазақстанда тұратын халықтардың ұлттық-мәдени дәстүрлерін сақтау және дамыту, балаларды отансүйгіштікке тәрбиелеу. Өнерпаздар вокал, аспаптар, хореография аталымдары бойынша өнерлерін көрсетті. Әсіресе, Ғ.Мүсірепов, Тимирязев ауданының би ұжымдарын ерекше атап кетуге болады.

Фестиваль соңында қатысушыларға құнды сыйлықтар мен мақтау қағаздары табысталды.

Ешкенова Дана