Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ауылдарда шағын және орта кәсіпкерлік дамуда

Петропавлдан 50 шақырымдай жерде орналасқан Рассвет ауылына Оспан Әбдіқадыров отбасымен өткен қазанда Алматыдан көшіп келген. Көп ойланбай, өз кәсібін ашып, сүтті бағыттағы ірі қара асырауды шешіпті. Бұл үшін мемлекет қолдауына жүгініп, “Ырыс” бағдарламасы бойынша 7 жылға несие алған.

Оспан Әбдіқадыров – “Абдикадиров” ЖК басшысы, Қызылжар ауданы:


– Ауыл шаруашылығын қолдау қорынан 6 млн теңге алдым. Оның 5 млн-ына 20 бас ірі қара, ал қалғанына азық сатып алдым.

Бұл 20 бас айына 2 тоннадай ақ береді. Соңғы 6 айда фермер жергілікті кооперативке 6 тонна сүтті өткізген. Литрінің құны – 80 теңге. Яғни, табыс бар. Түскен қаражаттың бір бөлігіне ол автоматтандырылған шағын сауу қондырғысының үшеуін сатып алған. Кәсіпкер еңбекпен қамтып отырған туысқаны Талғат Мұсабаев бұл аппарат жұмысты біраз жеңілдетті деп отыр.

Талғат Мұсабаев:


– Біріншіден, сүтті таза сауады, екіншіден қолдың күші қажет емес. Уақытты да үнемдейді. Бір сиырды сауу үшін 8-9 минут кетеді.

Тағы бір айта кетер жәйт, соңғы 6 айда ірі қара төлдеп, шаруаның қорасындағы мал басы екі есеге артқан. Қазір мұнда 20 бас бұзау бапталуда.

Саят Ермек – тілші:


– Сондай-ақ кәсіпкер асыл тұқымды ірі қара басын көбейтуді де қолға алған. Соңғы үш айда түскен қаражатқа ол 6 бас голштино фриз тұқымды ірі қара төлін сатып алыпты.

Бұларды табиғи жолмен ұрықтандырып, голландиялық тұқымның тазалығын сақтау да жоспарда. Жазда фермер малын жайылымға шығарам десе, ортақ қолданыстағы 800 гектардай жер дайын тұр. База тұрғызам десе, 2 гектардай жерді жергілікті билік жалға береміз деп отыр. Бір сөзбен айтқанда, қолдау мығым, ісін ілгерілетем дейтіндерге қажетті жағдай жасалған. Сондықтан, соңғы жылдары “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан” займ алушылардың саны біршама артыпты. Несиенің шарттары да ыңғайлы.

Нұржан Ергенов – “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚФ несие менеджері:

– Негізі кредит 5 жылға беріледі. Ал мал шаруашылығымен айналысамын, не кооператив құрамын дейтіндер 6,5 жылға займ ала алады. Қарыздың максималды сомасы 10 млн теңге, ал жылдық үстеме 6 пайызды құрайды. Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдарға, не кәсіпкерлік субъектілеріне беріледі. Ол үшін жылжымалы не жылжымайтын мүлікті кепілге қою керек. Ал жаңадан бизнес ашам дейтіндер, “Бизнес бастау” курстарынан өтіп, сертификат алып, біздің қорға жүгіне алады.

Жыл басынан “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан” 55 теріскейлік 272 млн теңгенің несиесін алған. 24 займ мал шаруашылығын дамытуға, қалған 31 кредит қызмет көрсету мен өсімдік шаруашылығын ілгерілетуге берілген.

 

Саят Ермек