Аптадағы маңызды жаңалықтар

Биыл облыста жемқорлыққа қатысты 26 іс тіркелді

Үстіміздегі жылдың 1-ші тоқсанында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның облыстық департаменті 26 қылмыстық істі тіркеген. Дені – ауыр қылмыстар. Мысалы, Тайынша аудандық ІІБ бастығы Петр Мартынюк жергілікті тұрғынды алдап-сулап жарты млн теңге ақшасын алып қойған. Қарапайым халықты басынған бұрынғы полицей 5 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Оған қатысты үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ. Лауазымын асыра пайдалану фактілері құрылыс саласында да бар.

Асылбек Идрисов – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар Ұлттық бюросының СҚО бойынша департаменті тергеу басқармасының басшысы:


– Биыл Петропавл қалалық сәулет және қала құрылысы бөлiмiнің жетекшісі Ержан Қасентаев қызыл сызықтың бойына үй салуға рұқсат беру үшін қала тұрғынынан 55 мың теңге пара алған. Қитұрқы әрекеті үшін ол мемлекетке 3,3 млн теңге айыппұл төлейтін болды. Мұндай келеңсіз жағдайлар фискалдық органдарда да тіркелді. Петропавл қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Есмағзұм Байбосынов кәсіпкерден 1 мың АҚШ доллар көлемінде ауызбастырық алған. Оған 18 млн теңге айыпұл салынды.

Ержан Қасентаев мен Есмағзұм Байбосынов осыған дейін де әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Ғалым Тұрсынбаев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:


– Қасентаев пен Байбосынов қызметтерінде жүргенде заңбұзушылықтарға жол беріп, тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Енді міне, олардың қылмысқа барғанын естіп отырмыз
.

Ғалым Тұрсынбаевтың сөзінше, бұрындары басы істі болған мемлекеттік қызметкерлер жергілікті атқарушы органдарға қайта оралғысы келіп жүр екен. Жыл басынан 11 пысықай жалған құжаттарымен мемлекеттік органдарға орналасуға әрекет жасапты.

 

Берік Қасен