Балалар

Петропавлда халықаралық жастар фестивалі өтті

– Бірлік пен достықтың шоқтығында” атты халықаралық жастар фестиваліне 90-ға жуық студент қатысуға ниет білдірген. Дарынды жасқа қанат бітіріп, өнерінің ұштала түсуіне мүмкіндік беретін бұл байқау вокал, хореография, театр өнері және режессура аталымдары бойынша өтеді.

Қазір қатысушылар сайысқа дайындықтарын пысықтап жатыр. Олардың өнерін тамашалауға келген көрермендердің қатары қалың. Барлығы қызыққа толы байқауды асыға күтуде. Көп ұзамай өнер додасы басталды. Сахна шымылдығын “Кербез керік” күйімен “Күдер” ансамбілі ашты.

Кейін сахна төріне Есіл ауылшаруашылығы колледжінің “Жалындаған жастар” тобы шықты. Олар көрермендерге қазақтың ұлттық биі “Қара жорғаны” ұсынды. 4 қыз және 4 ұл баладан тұратын би тобы 2 жыл бұрын құралған екен.

Гүлдана Мірәлі – байқауға қатысушы, Есіл ауданы:

– Біз бұл фестивалльге бір ай уақыт дайындалдық. Осындай дәрежедегі байқауға қатысу біз үшін үлкен мақтаныш.

Ал мына бір дуэт Ресейден ат терлетіп келген. “Combat crew” тобы заманауи би түрі брейк-данстың қимылдарын көрсетіп жатыр.

Олардың биі, әсіресе , жастардың көңілінен шықты. 16 жасар Данил мен Илья мұндай жастар фестиваліне 2-ші рет қатысып отыр екен. Қызығушылықтары бір жерден орын тапқан жасөспірімдер 1 жыл бұрын бірлесіп өнер көрсете бастапты.

Данил Свелёв – байқауға қатысушы, Шадринск қаласы, РФ:

– Мен бимен 11 жасымнан, ал Илья 12 жасынан айналысады. Бір-бірімізді бұрыннан білеміз. Билеу стиліміз де бірдей. Сондықтан, дуэт болып қосылуды жөн көрдік. Бірге өнер көрсетіп жүргенімізге көп болмаса да, түрлі байқауларға қатысып, 1-ші орындарға ие болып жүрміз.

Бұл фестивальде облысымыз бен Ресейдің 13 оқу орнының студенттері бақтарын сынамақ. Мәселен, хореография аталымы бойынша 11 би тобы күштерін байқайды. Аталмыш фестиваль екі күнге созылады. Сайыс соңында әр аталым бойынша жеңіске жеткендер диплом және кубоктармен марапатталады. Жалпы осындай форматтағы фестиваль облысымызда алғаш рет өткізіліп отыр.

Молдир Макишева