Ауыл шаруашылығы

Алқаптардағы ылғалды дұрыс пайдаланған жөн

– Өткен күзде СҚО аса көп жаңбыр жаумады. Қыста да қар аз түсті. Мұның салдары теріскейлік дихандардың мол өнім жинауларына кедергі келтіруі әбден мүмкін. Өйткені, қазіргі күні алқаптардағы топырақтың ылғалдылығы бар-жоғы 40-44 мм-ді ғана құрайды.

Тек өңірдің Қызылжар, Айыртау мен М.Жұмабаев сынды аудандарындағы жағдай ғана көңіл көншітеді. Ол жақтағы егістік алқаптардағы ылғал мөлшері 130-170 мм-дің аралығын құрап отыр. Бұны шаруалар дұрыс пайдаланған жөн. Яғни, уақытында жерді өңдеп, тұқым сепкендері абзал.

Елена Федоренко – “Солтүстік Қазақстан тәжірибе станциясы” ЖШС зертхана меңгерушісі:


– Ылғал мөлшері аз болғандықтан оны сақтай отырып егін егу қажет. Ол үшін алдымен сәуір айының соңында алқаптарды бораналаған дұрыс болады. Бұл арқылы танаптардың бетін тегістеп, жердің астыңғы бөлігін кеуіп кетуден сақтаймыз. Кейін, жерді тағы да арамшөптер мен түрлі зиянкестерден қорғау мақсатында да өңдеу керек. Өйткені, өскіндер топырақтағы бар нәрді сорып алады.

Мұнымен іс біткен жоқ. Солтүстік Қазақстан тәжірибе станциясының зертхана меңгерушісі Елена Федоренко диқандарға егістік науқаны алдында алқаптарды тағы да бораналап өтуге кеңес береді. Бұл жердегі ылғалды жоғары көтерді. Осыдан соң, бірден дән еккен жөн. Бидайды мамырдың 15-і мен 30 аралығында сепкен дұрыс. Оның өзінде кеш және орташа пісетін тұқымды егу қажет. Ал, ерте жетілетін ырыздықты сәл кейінірек ексе де болады.

Елена Федоренко – “Солтүстік Қазақстан тәжірибе станциясы” ЖШС зертхана меңгерушісі:


– Ерте пісетін тұқым сортын маусымның 5-іне дейін себуге болады. Ол орақ науқаны басталғанша өсіп үлгереді. Ал, кеш жетілетін дәннің дайын болуына 3 ай мерзім қажет. Жаз жаңбырлы болса тіпті 100 күннен де аса уақыт керек. Бұл өнім сапасының жоғалуына әкеліп соғады. Қазгидромед мамандарының мәлімдегендей сәуір айында жаңбыр нормадан көп жауып жатыр. Температура да қалыпты болады деп отыр. Ал, мамырда жауын мөлшердегідей түседі деп күтіледі.

Енді, майлы дақылдарды егу мерзіміне келейік. Рапс пен зығыр тұқымын мамырдың 12-сінен бастап себуге болады. Істі айдың соңына дейін аяқтаған жөн.

Елена Федоренко – “Солтүстік Қазақстан тәжірибе станциясы” ЖШС зертхана меңгерушісі:


– Рапс пен зығырды егер алдында топырақтың беті тегіс болуына көңіл бөлу қажет. Тұқымның тереңдігіне де мән берген жөн. Рапс дәнін 2-3 см тереңдікке еккен дұрыс. Егер де көктемгі дала жұмыстары кеш болып жатса тұқымды 5-6 см себу керек.

Ал, бұршақ пен жасымықты мамырдың 18-і мен 27-і күндері аралында егу қажет. Өйткені, бұл дақылдар құрғақшылыққа төзімді болып келеді.

 

Байболат Култанов