Спорт

Жергілікті футбол құрамасы сәтсіздікке ұшырады

Бұл матчта қай команданың асығы алшысынан түсті?!

Жұмыс аптасының бел ортасы болғанына қарамастан, “Қарасай” стадионына “футбол десе ішкен асын жерге қояр” жанкүйерлер аз болмады. Алаңда – жергілікті “Қызыл Жар СҚ” мен елордалық “Астана” құрамасы қызықты ойын өрнегін көрсетуде. Кездесудің басынан қарсылас футболшылар жергілікті құрама қақпасына қатарынан бірнеше жойқын соққыны бағыттады. Бағымызға қарай ол әрекеттерінен еш нәтиже шықпады. Бірақ, жергілікті шабуылдаушылардың да қарсылас қақпаға бағыттаған соққылары тиісті жерден табылмай, мүл кетіп жатты. Осылайша қос команда футболшылары арасындағы текетірестің 1-ші таймында есеп ашылмады. Жиналған көрермендер әлі де өңір аяқдопшылардың осы ойында жеңіске жетеріне сеніммен қарайды.

2-ші таймда қызылжарлық клуб жаттықтырушысының ақыл-кеңесіне құлақ асқаны ма, әлде жанкүйерлердің наразылығы әсерін берді ме – алғашқы минуттан олар қарқынды шабуылға көшті. Десе де елордалықтар қызылжарлықтарға есе жібермей, орнымен доптың бағытын бұрып отырды. Ал таймның орта белінде 23-ші нөмірдегі астаналық шабуылшы Патрик Твумаси, допты діттеген жеріне бағыттап, ұзақ күткен голдың авторы атанды.

Қосымша 3 минуттық ойында дәл осы Патрик Твумаси қызылжарлық қақпаға тағы бір гол салып, есепті еселей түсті.

Иван Маевский – “Астана” ФК жартылай қорғаушысы:
– Бүгінгі ойын қос құрамаға да оңайға соқпады. Ауа райының суықтығы да кері әсерін тигізді. “Қызыл Жар СҚ” командасында осал ойыншы жоқ, алайда біздің жігіттеріміз ерледі. Жеңісті қолдан жұлып алды десек те болады.

Келесі ойынды “Қызыл Жар СҚ” командасы 5-ші мамыр күні оралдық “Ақжайық” құрамасымен өткізбек.

 

Бахыт Садвокасов