Ауыл шаруашылығы

Көктемгі дала жұмыстарына дайындық

“Андреевка-СК” серіктестігі көктемгі дала жұмыстарына 90 пайыз дайын. Биыл аталмыш компания машина-трактор паркін 80 пайызға жаңартыпты. Сепкіш агрегаттар мен МТЗ тракторларын сатып алған. Мұндағылар
өнімділігі жоғары техникалардың арқасында маңызды науқанды мерзімінде атқаруға болады деп есептейді.

Серали Шарипов – “Андреевка-СК” ЖШС директоры, Мамлют ауданы:


– Өткен жылы 120 млн теңгеге жаңа техника алдым. Машина-трактор паркі тұқым және дәрі сепкіш агрегаттармен және МТЗ тракторларымен толықты. Биыл да осы мақсатқа 150 млн теңге жұмсамақшымын. Техникаға кеткен қаражатың бір бөлігі субсидияланады. Жалпы жер емген диқандарға мемлекет қолдауы жақсы.

Серіктестіктегілер жанар-жағармай, тұқым және минералдық тыңайтқыштарды қажетті көлемде дайындапты. 300 тонна бидай тұқымы әзір. Мұндағылар егістікке негізінен омбылық-35, 38-дің 2-ші және 3-ші сұрыптағы тұқымын пайдаланады. Биыл “Андреевка-СК” компаниясы майлы дақылдарға тиесілі алқаптарды ұлғайтпақшы.

Александр Шипелев – “Андреевка-СК” ЖШС жұмысшысы, Мамлют ауданы:


– Үстіміздегі жылы 400 гектарға рапс, 1 300 гектарға зығыр, 2 мың гектарға бидай себеміз. Жем-азық дақылдары тағы бар. Жалпы серіктестікте тұқым қоры жеткілікті. Жақында ылғал жабу жұмыстарын атқарамыз. Алдымен жерге минералдық тыңайтқыштар сіңіріп, жерге жем-азық дақылдарын кейін бидай, сұлы және арпаны сіңіреміз. Жыл сайын ауыспалы егістік әдісін қолданамып жүрміз.

Күн райы оң қабақ танытса, “Андреевка-СК” ЖШС көктемгі егіс жұмыстарын мамырдың 20-сы бастап, маусымның 5 аяқтауды жоспарлап отыр. Маусымдық шаруаға шамамен 50 шақты адам тартылмақшы.

Берік Қасен