Балалар

Балабақша тәрбиеленушілерінің сайысы өтті

Алғашқы кезең – сәлемдесу. Балалар өздері мен балабақшаларын қазақ, орыс, ағылшын тілінде таныстырулары қажет. Әрбір команда бұл тапсырманы өзінше қызықты орындауда. Бірі айтысып, частушки айтса, енді біреулері кішігірім сахналық қойылым да көрсетті. Ең бастысы, енді ғана үш тілді меңгеріп жатқан бүлдіршіндердің барлығы, әрбір сөзді акцентсіз айтуға тырысуда.

Ал, енді ертегілер еліне саяхатқа аттанайық. Бұл сайыстың екінші кезеңі. Талап бойынша, балалар әлем халықтарының ертегілерін қазақ тілінде сахналауы қажет. Алғашқы болып ортаға «Ивушка» балабақшасының тәрбиеленушілері шықты. Жарысқа «Астана» командасы «Үйшік» туындысын дайындапты. Бір апта ішінде өздерінің рөлдерін жаттап алған бүлдіршіндер қазылар алқасына мықты дайындықтарын көрсете білді.

Данияр Қаби – «Ивушка» балабақшасының тәрбиеленушісі:


– Біз бұл сайысқа көп дайындалдық. Мен ертегіде қасқырдың рөлін сомдаймын. Балабақшамызда бізге 3 тілде сөйлеуді үйретеді.


Захар Савенко – «Ивушка» балабақшасының тәрбиеленушісі:


– Бас бармақ- атам. Балан үйрек – әжем. Ортан терек – әкем.Шылдыр шүмек – шешем. Кішкентай бөбек – мен.

Сайысты облыстық тілдер басқармасы осымен 3-ші жыл қатарынан өткізуде. Басты мақсаты – балабақша қабырғасында бөбектердің меңгеріп жатқан білімдерін сынға алу. Ұйымдастырушылардың сөзінше, жыл сайын қатысушылардың саны артып келеді. Бұған қоса, дайындықтары да шыңдалуда.

Әсем Сүлейменова – СҚО тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы:


– Командаларға қойылатын талап сахнада 3 тілде өнер көрсету қажет. Бұл жерде тіз тазалығы мен сахна мәдениеті де ескеріледі.

«Бала тілі – бал» байқауының жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталады. Тағы, мемлекеттік тілді одан әрі жетілдіру үшін әрбір балабақшаға түрлі әдістеме құралдары да табысталмақ.

Эльмира Садвокасова