Қоғам

Қабырғасы құлаған үйдің тұрғындары баспанамен қамтылды

Алета Сычева осы уақытқа дейін отбасымен бірге аппатық деп танылған үйде тұрып келген. Өткен демалыс күндері келіншектің Уральская көшесіндегі баспанасы сыр беріп, қабырғасы құлады. Жарамсыз нысан алдағы уақытта сырылмақшы. Нәзік жанды баратын жерінің жоқтығын шаһар басшысына оқиға болған күні жеткізген. Қалалық әкімдік жерлесімізге “Береке” шағын ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінен 2 бөлмелі пәтер берді. Онда Алета Сычева күйеуі және 3 баласымен тұратын болады.

Алета Сычева – қала тұрғыны:


– Бізге берген пәтерлері жақсы. Әкімдік өкілдері маған жеке баспана алғанша осында боласыңдар деді. Мен қазір тұрғын үй кезегінде 89-шы болып тұрмын. Шамамен 2 жыл осы баспананы жалдайтын шығармыз. Ай сайын 3 мың теңгеден төлеймін. Коммуналдық ақысы тағы бар. Жанұямен бірге жаңа пәтерді тағатсыздана күтетін боламын.

Аппатық деп танылған үйде 3 отбасы тұрып келген. Оның екеуіне пәтер, бір жанұяға жатақханадан бөлме беріліпті. Қазіргі таңда соңғысына қатысты мәселе туындап тұр.

Бауыржан Бейсембаев – Петропавл қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:


– Үш отбасының біреуінде үйдің тиісті құжаттары жоқ. Оны ретке келтірмейінше, оларға пәтер бере алмаймыз. Уақытша жатақхана бөлмесіне орналастырдық. Рыжковтар жанұясы баспана кезегіне де тұрмапты. Осы мәселелер істі қиындатып тұр.

Келешекте Сычевтар және өзге апаттық үйлерді мекен ететін қалалықтар Первомайская көшесінде тұрғызылатын екі баспанадан пәтер алады деп көзделген. Қазір бұл жерде осындай құлайын деп тұрған үй бар. Алда салынатын баспаналардың әрбіреуі 93 пәтерлік болмақ. Бүгінде жобалау сметалық құжаттар дайын болғанымен нысанның құрылысына қаражат табылмай отыр. Аталған мәселе тез арада шешілсе, аппаттық үйлерде тұратын 187 петропавлдық 2 жылдан кейін жаңа баспаналарының кілтіне қол жеткізіп қалуы әбден мүмкін.

Берік Қасен