Қоғам

Петропавлда Курск шайқасының 75 жылдығына орай көрме ашылды

Вера Сорокинаның әкесі Петр Гноевых 1943 жылы Курск шайқасына қатысқан шақта небәрі 21 жаста болатын. Сол кезде взвод командирі қызметінде жүрген ол әскерді бастап қанды майданға шығады. Бірақ, шайқас алаңында батыр екі аяғынан жарақат алып, госпитальға түсіпті. Жазылған соң елге оралады. Қалған өмірін, яғни 36 жылын Петр Гноевых әскери қызметке арнайды. Осы уақыт аралығында ол жастардың бойында патриоттық сананы қалыптастырып, оларды ерлік пен қайсарлыққа баулыған.

Вера Сорокина:

– Менің әкем Отан үшін жанын қиюға дайын болған. Бізді де осыған үйретті. Ол соғыста болған оқиғаларды көз жасымен еске алатын. Талай достары мен қатарластары оның көз алдынада қаза тапты. Бұл, әрине, оңай емес. Соғыстан оралғаннан соң, кітап жаза бастады. Жасы 90-ға таяғанда көз жұмды. Бүгінгі көрмеде оның жеке заттары мен марапаттары қойылған.

Курск шайқасына шамамен 2 миллион адам қатысқан. Солардың арасында солтүстікқазақстандықтар аз емес. Бүгінгі көрмеге осы жерлестеріміздің 40-қа жуық жәдігерлері мен 50-ден астам фотосуреттері қойылған. Мәселен, мына сурет 1945 жылы жасалған екен. Курск шайқасқына қатысқан жерлесіміз Виктор Кравцов 6-шы ауыр гаубица бригадасының бағдарлаушысы болып қазмет еткен.

Вера Андреева – Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері:

– Көрмеде Виктор Александровичтің жеке заттары жайғасқан. Мәселен, жорық телефоны, бәкілер, жазу кітапшасы және темекі сауыты. Ол соғыстан қайтқаннан соң, майданда қолданған заттарын біздің музейге тапсырды. Жалпы Курск шайқасына дейін ол қызметін Жапония шекарасында атқарған.

Сондай-ақ, іс-шарада Курск шайқасында оққа ұшқан жауынгерлерді еске алу мақсатында өлең шумақтарынан үзінді оқылды.

Жалпы аталмыш көрме осы жылдың күз айына дейін жалғаспақ.

Молдир Макишева