Құрылыс

Облыс орталығында 97 мың шаршы метр үй салынады

Баспасөз туры аясында қаржы институтының өкілдері тілшілерді Жуков көшесіндегі құрылыс алаңына алып барды. Көпқабатты үйлерді “ПМК-5” серіктестігі тұрғызып жатыр. Мұндай панелдік баспаналар облыс орталығында кеңес кезінен бері салынбапты. Тиісінше, бұл жергілікті мердігерлер үшін бұл таңсық бағыт. Мұндағы шаруаға құрылысшылар маусым айында кіріскен. Қазір учаскеде 25 адам тер төгуде.

Алтай Әлібаев – “ПМК-5” ЖШС:

– Құрылыс монтаждау жұмыстары аяқталуға шақ қалды. Дәл қазір 5-ші қабатын көтеріп жатырмыз. Панелдік үйлерді бұрын соңды салып көрген жоқпыз. Баспананың сапасы материалдарға тікелей байланысты. Негізі мамандар панелден салынған үйлер жылы болады дейді. Күн райы жұмысымызға кедергі емес. 78 пәтерлік үйді қыркүйек айына дейін тапсырмақшымыз.

Осы Жуков көшесінде панелдік үйлердің 4-еуі бой көтермек. Соның 3-еуі үстіміздегі жылы қолданысқа беріледі деп күтілуде. Әрбіреуі 78-80 пәтерлік.

Дәл осындай үйлердің 2-уі “Береке” шағын ауданында салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары “Пилон” серіктестігіне сеніп тапсырылған. Мердігерлер жыл соңына дейін бәрін үлгеру үшін инфрақұрылымдық желілерді өткізу жұмыстарын негізгі шаруамен қатар атқаруда.
Кейін журналистер “Жас өркен” ықшам ауданына барды. Мұнда да шаруа қызған. Құрылысшылар кезектесіп, екі ауысымда еңбек етеді. Келесі жылы осы учаскеде 12 қабаттан тұратын монолитті үй пайда болады. Оны “Казградстрой НС” компаниясы “Қызылжар” тұрғын үй кешеніне ұқсатып салмақшы. Бірақ ондағы жоспарда 1-ші, 2-ші калсстағы пәтерлер мен жер асты паркингі қарастырылмаған. Тұрғын үйдің шаршы метрі 140 мың теңгеден аспайды. Сәл әріректе “Основание” компаниясы 9 қабатты тұрғын үйдің кірпішін қалауда. Ол нысан да келесі жылдың соңына дейін тапсырылады деп күтілуде. 332 пәтерлік баспананың бірінші қабатында мектепке дейінгі шағын орталықтар орналаспақ. Бұл үйге кезекке тұрғандар өте көп. Дені – тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары. Мәселен Жабай Оразалин қазір 3 бөлмелі пәтерге қаражат жинап жатыр.

Жабай Оразалин – Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы:


– Бір жылдай болды жинап қызым, күйеу балам, жиенім мен және бәйбішем болып жинап жатырмыз
.

“Жас өркен” ықшам ауданында орналасқан бұл үйден Наталья Глывяк та 3 бөлмелі пәтер алғысы келеді. Айтуынша, қазір тұратын 1 бөлмесі отбасы мүшелеріне тарлық етіп тұр.
2018-2019 жылдары “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша облыс орталығында жалпы саны 1 500 пәтерді халық игілігіне тапсыру жоспарланған. Қаржыгерлердің айтуынша, мұндай көлемдегі баспана облысымызда бұрын-соңды тұрғызылмаған.

Райхан Әбдірахманова – “Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ директоры:


– Баспаналар тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына және баспана кезегінде тұрғандарға беріледі. Пәтердің шаршы метрі 140 мың теңгеден аспайды. Ипотекалық несиені жылдық ставкасы 5 пайыз. Баспана алатын салымшының шотында пәтер құнының 30 пайызы болуы тиіс. Банк шарты бойынша кім ертерек шот ашып, қажетті соманы үздіксіз салып отырса, сол тұрғын үйге бірінші болып қол жеткізеді. Яғни, үзбей ақша жинағандардың баспана алу мүмкіндігі жоғары. Қазір біздің банкте 35 мың солтүстікқазақстандық салымшымыз бар.

Қаржыгерлер жаңа баспаналар бастапқы жарнасы жоқ тұлғаларға үлестірілмейді деді. Бұл шарт жергілікті атқарушы органдарда тіркелген 18 мың солтүстікқазақстандыққа қатысты. Бәрі баспанаға мұқтаж. Солардың 16 пайызы жылжымайтын мүліктің тегін берілмейтінін біліп, тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде қаражат жинай бастапты. Ал басым бөлігі әзірге еш әрекет жасамаған.
Дегенмен, бұл үйлердегі пәтерлердің тең жартысы әкімдікте кезекте тұрғандарға беріледі. Ал қоғамның әлжуаз тобындағылар баспананы сатып алу құқығынсыз, жалдап тұра алады. Барлығы үстіміздегі жылдың соңына дейін облыс орталығында 97 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа тапсырылмақшы.

Берік Қасен