Спорт

Асық атудан ел чемпионаты өтіп жатыр

Мына жерде бес асық ойнауға батысқазақстандық Дина Бекмағамбетова мен Ақмола облысының өкілі Жұлдыз Ғазизова кірісіп кетті. Алдымен, 36 жастағы нәзік жанды түрлі түске боялған сүйекті боз кілемге шашып жіберді. Кейін, таңдап алынған қақпа тасты бір қолымен аспанға лақтырып, жердегі біреуін көтеріп қайта тосып алды. Қалғандарын да осылайша көтереді. Негізі аталған ойын бірнеше сатыдан тұрады. Көбіне, бес асыққа қыздар жақын.

Дина Бекмағамбетова – жарысқа қатысушы, БҚО:


– Бұл ойынды бала кезімнен ойнаймын. Дене шынықтыру сабағында үнемі асық ойнатынбыз. Қазір мен Ақжайық ауданы Чапаев ауылындағы М.Әуезов орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімімін. Ұлттық ермекті өскелең ұрпаққа да үйретіп жатырмыз.

Ал, 18 жасар Ұлжалғас Құдайбердиева болса, келесі кезеңге дайындалып жатыр. Бойжеткен бұрындары бес асық ойынын ойнау үшін домалақ тастарды қолданыпты. Соңғы екі жылда ғана қойдың сүйегін қолдана бастапты. Ұлжалғас ұлттық спорт түрінен өтетін жарыстарға жыл сайын қатысып тұрады. Бір жылы тіпті республикалық додада күміс жүлдегер атанған.

Ұлжалғас Құдайбердиева – жарысқа қатысушы, Астана қаласы:


– Негізі асықты асықпай ойнаған дұрыс. Көптеген қарсыластар болады. Қобалжып дұрыс ойнай алмайсын. Сол себепті, асықпаған дұрыс. Асықтың адамның денсаулығына пайдасы зор. Көз , қолды шапшаңдыққа үйретеді.

Ал ер азаматтар байрақты бәсекеде асық атудан өзара мықтыны анықтайды. Жалпы, дүбірлі додаға еліміздің түпкір-түпкірінен, атап айтсақ, Ақмола, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік, Оңтүстік, Батыс Қазақстан облыстары, Астана қаласынан 7 команда келіп отыр. 70-ке жуық спортшы өздерінің мергендіктерін, ептіліктері мен шапшаңдықтарын байқатты.

Жомарт Сабыржанов – ҚР «Асық ату» федерациясының вице-президенті:


– 1993 жылдан бастап чемпионаттар өткізе бастадық. Ал, 2011 жылы асық ойынының ережесін бір жүйеге келтіріп, бекітіп, оны Ұлттық спорт қауымдастығы қабылдап, ҚР спорт комитеті бекітті. Жарыстардың барлығы сол ережеге сәйкес өтіп жатыр. Оны жазғанда бұрындары ағаларымыз ойнаған, атап кетсек, Қойшығара Салқара ағамыз, Ақселеу Сейдімбек ағамыз қалай ойнады. Соны сақтай отыра біз осы ережені жазып шығардық.

Сәуірдің 22-сіне дейін жалғасатын бәсекенің қорытындысы бойынша жеңіске жеткен қатысушылар кубок, медаль және грамотамен марапатталмақ.

Тогжан Акмагамбетова