Спорт

Облыстық спорт басқармасында көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерінің қатары артпақ

Бүгінде спорт және дене тәрбиесі басқармасы екі мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Оның алғашқысы – спорттық, төреші және жаттықтырушы дәрежелерін беруді қарастырады. Қызмет түрін жыл басынан 146 теріскейлік қолданыпты.

Руслан Есеналин – СҚО спорт және дене тәрбиесі басқармасының басшысы:


–  Бұл қызмет түрі арқылы спортшылардың дайындық деңгейін көре аламыз. Жалпы, жаттықтырушы дәрежесін иемденгендердің жалақысы көтерілсе, төрешілік дәрежесі мамандарға белгілі бір деңгейдегі жарыстарға қатысып, төрелік етуге мүмкіндік береді.

Спорт басқармасына қарасты екінші қызмет түрі биыл 1 рет қана көрсетілген. Бұл – жергілікті спорт федерацияларын аккредиттеу. Жалпы, бүгінде олардың саны 42-ге жетіпті. Тағы өңірімізде 77 спорт түрімен айналысып, оның дамуына рұқсат етілген. Алдағы уақытта бұл қызмет түрлерінің қатарына тағы екеуі қосылмақ. Ол – олимпиада жүлдегерлерін баспанамен қамту және арнайы спорттық мамандандырылған мекемелерге тиісті статус беруге байланысты. Алайда, олар тек қағаз түрінде жүргізілмек.

Руслан Есеналин – СҚО спорт және дене тәрбиесі басқармасының басшысы:

 


–  Белгілі бір дәрежені берген кезде, біз спортшы, төреші не болмаса жаттықтырушыға тиісті құжатты қолына тапсырамыз. Бұл – куәлік. Дәл сол сияқты мамандандырылған мекемеге статус бергенде де арнайы сертификат – лицензия табысталады. Сондықтан да барлығын қағаз түрінде жүргіземіз.

Ал, қалалық спорт бөлімінде бүгінде спорттық дәрежелерді беруге байланысты жалғыз мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Жыл басынан оны 56 солтүстікқазақстандық қолданыпты.

Эльмира Садвокасова