Мәдениет

СҚО “Кентрон” армян этномәдени орталығы сұлулық пен ана күнін атап өтті

7 сәуір күні Армения елінде барша жұртшылық сұлулық пен ана күнін атап өтеді. Бұл – ресми емес, ұлттық мереке. Сондықтан, мейрамды тарихи Отандарынан жырақ жүрсе де өз тілі мен ділін, салт-дәстүрлерін ұмытпаған қазақстандықтар да тойлауда. Халықаралық әйелдер күнінен бастап, аталған мейрамға дейін ер жігіттер бір ай бойы нәзікжандылар қауымын ұлықтайды екен.

Гоара Абраамян – СҚО “Кентрон” армян этномәдени орталығы жастар қанатының көшбасшысы:

– Армян халқы әлемге тек саны бойынша ғана емес, өнерге деген махаббатымен де танымал. Бұны бізге кішкентайымыздан санамызға құйып өсіреді. Біз өз ойымызды өнер арқылы көрсетуге тырысамыз. Бұл – халқымызға тән қасиеттердің бірі.

Шараға өз аналары, әжелері мен әпкелеріне жақсы көңіл күй сыйлағысы келген әрбір адам ат салысуда. Солардың бірі – скрипкашы Лиана Хекоян. Жеткіншек шараға екі туындысын әзірлеген. Алғашқысы – ондаған жылдар бұрын армян халқының басына түскен нәубет туралы. Ал, екіншісі қазақ композиторының шығармасы. Жалпы, Лиана бұл скрипкада 100-ге тарта композиция орындай алады екен.

Лиана Хекоян – СҚО “Кентрон” армян этномәдени орталығының белсендісі:


– Мен бұл аспапта 7 жасымнан ойнаймын. Болашағымды да музыкамен байланыстырғым келеді. Оқу бітірген соң, Армениядағы консерваторияға түспек ойым бар.

18 жастағы Карина Сафарян болса, қазір армян ұлтының халық биін орындауда. 14 жыл бойы бимен айналысқан нәзікжанды, бүгінде бұл өнерді өз артынан еріп келе жатқан сіңлі-інілерінің бойына сіңіруде. Каринаның айтуынша, армян музыкасы көңілді болғандықтан, билеріне де ерекше ырғақ тән. Сондықтан, оны нақышына келтіріп, жанын салып орындау тек осы ұлт өкілдерінің қолынан келеді екен.

Карина Сафарян – «Аревик» армян би ансамблінің көркемдік жетекшісі:

 


–  Қазіргі таңда біз ұлттық салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымызды ұстанып, сақтағанымызбен, он терең оқытатын арнайы орындар жоқ. Сондықтан, біз сіңлі-інілерімізге тарихи Отанымыздың тарихы жайлы айтып, халқымызға тән қасиеттерге үйретеміз. Бұл – біздің парызымыз деп білемін.

Жалпы, теріскей өңірінде бүгінде 2000-ға жуық армян ұлтының өкілдері тату-тәтті өмір сүруде.

Эльмира Садвокасова