Білім

Облыс орталығында аймақтық тестілеу орталығы ашылды

«UStudy» аймақтық тестілеу орталығы Петропавл қаласында осымен екінші ай жұмыс істеуде. Білім ордасы мектеп оқушыларын түрлі сынақтарға дайындаумен айналысады. Бүгін орталық ресми түрде ашылып отыр. Салтанатқа облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет қатысып, ұйым мамандары атқарып жатқан шаруаның маңыздылығын атап өтті.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:


– Бұндай білім ордасы ҰБТ сынды сынақтарға дайындықты арттыруға септеседі. Қазір НЗМ және Назарбаев Университетіне түсу үшін де тестілеу тапсыру қажет.

Білім ордасының мамандары мектеп оқушылары мен студенттерді ҰБТ, Талапкердің кешенді тестілеуі мен Тоефл сынды күрделі сынақтарға дайындайды. Бұл үшін нысан барлық заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Алғашқы екі қабатта күту аймағы мен 150 адамға шақталған компьютерлік кабинет орналасқан. Мұнда айына екі рет оқушылар жиған-терген білімін сарапқа салады. Ал, 3 қабатта дәрісханалар бар. Студенттердің сабағы аптасына 4 рет өткізіледі. Әр пән 80 минутқа дейін созылады екен. Алайда, орталық мұнымен шектеліп қалмайды.

Қанат Асқынбай – «UStudy» аймақтық тестілеу орталығы бас директорының орынбасары:


– Бізде онлайн түрде жұмыс істейтін “Ututor” қосымшасы бар. Ол арқылы еліміздің түкпір-түкпірінен кез келген адам, өзіне мұғалім таба алады. Яғни, Петропавлдағы оқушы Астана қаласының маманының онлайн сабағына қатысу мүмкіндігін иеленеді.

Орталық білім берудің финдік философиясы бойынша жұмыс істейді. Яғни, 7 пән мұғалімі тек сабақ берумен ғана шектеледі екен. Ал, тапсырма беріп, оны тексеру кураторлардың мойнында. Мамандардың сөзінше, оқуға деген қызығушылықты арттыруда – отбасылық атмосфераны ұстау маңызды.

Айдын Советбек – «UStudy» аймақтық тестілеу орталығының кураторы:

– Аптасына екі рет куратор сағаты өткізіледі. Бұл уақытта біз студенттердің үйге берілген тапсырмаларын тексеріп, мектептегі жетістіктерін сұрастырамыз. Бір сөзбен айтқанда, олардың осы жердегі ата-аналары болғымыз келеді.

Дана Досымова орталықта осымен 2 айдай білімін шыңдап келеді. Айтуынша, ҰБТ дайындық жүйесі өте ыңғайлы. Әдетте 90 ұпай жинаған ол, қазір бұл көрсеткішті 120-дан асырыпты.

Дана Досымова – №8 орта жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие мектеп-кешенінің оқушысы:


–  Орталықтағы дайындығымның қазір жемісін көре бастадым. Білікті, өз ісінің шеберлері жұмыс істейтіні көрініп тұр. Менің таңдау пәндерім – география мен математика. Астана қаласындағы Қазақ Гуманитарлық заң университетіне оқуға түскім келеді. Ол үшін әлі біраз білімімді толықтыруым қажет.

Жалпы, «UStudy» ұйымы өз жұмысын 2009 жылы бастаған. Бүгінде Қазақстан бойынша 21 және Қырғызстанда бір филиалы бар.