Кездесуде сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық арнайы мониторингтік топ мүшелері, “Өзгерістерді өзіңнен баста” жобасының облыста іске асырылу барысынан құлағдар болды. Қазіргі таңда агенттіктің барлық өңірлік департаменттерінде жоба жарғысы бекітіліп, оны іске асырудың кешенді жоспарлары дайындалған.
Аида Ахметова – мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментінің бас маманы:
– Өзгерістерді өзіңнен баста” бағдарламасы бойынша сала мамандары 2 бағытта шаруа бастап кетті. Негізгі мақсат – қызметшілердің мінез-құлқын өзгерте отырып, мемлекеттік органдардың ұйымдастырушылық жұмыстарын өзгерту болып табылады. Кез-келген мемлекеттік қызметші модернизацияны өзінен бастап, көпке үлгі болуы тиіс.
Басқосуда елордалық агенттік өкілдері аяғын шалыс басқан қызметшілер жайында да әңгіме өрбітті. Республика көлемінде жемқорлықтың алдын алып, оған қарсы шаралардың нәтижесінде, жыл санап тәртіптік жауапкершілікке тартылатын мемлекеттік қызметшілер саны қысқарып келеді. Дегенмен, 2017-ші жылы еліміздегі мемлекеттік органдарда еңбек ететін 396 қызметкер жазаланған.
Мадина Наурызбек – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті басшысының орынбасары:
– “Рухани жаңғыру” бағдарламасы мемлекеттік қызметкершілердің сана-сезімін жаңғыртуға бағытталған. Бұл өзгерістер барлық мемлекеттік мекемелерді қамтиды. Қазірдің өзінде бірталай шаруаның басы қайырылды. Мәселен, әр облыста бұрын-соңды болмаған әдеп жөніндегі кеңестер жасақталып, соның арқасында шалыс басқан мамандар жауапқа тартылуда.
Сондай-ақ, жиында ведомство басшылығы кешенді бағдарлама аясында келер аптадан “20 игі іс” акциясының басталатынын жеткізді.
Бахыт Садвокасов