МТРА жаңалықтары

Кездейсоқ таныстық пен ішімдік салдарынан өз пәтерінен айырылды

Владимир Воронов Кәрім Сүтішев көшесі, 49 мекен-жайы бойынша ондаған жылдар бойы тұрып келеді. Көршілері оны кішкентайынан ниеті таза, қиындық тудырмайтын адам болып өскенін айтады. Алайда, анасы қайтқан соң Владимир араққа салынып кеткен. Осылайша, үлкен жайсыздыққа тап болыпты. Қазір ол 3 бөлмелі пәтеріндегі соңғы сағаттарында киім-кешегі мен жеке заттарын жинап жатыр. Азаматтың сөзіне сенер болсақ, ол мас күйінде кездейсоқ адамдарға қолхат жазып берген. Құжат бойынша Владимир Воронов олардан 7,5 млн теңге қарыз алыпты-мыс. Алайда, мұндай ақшасы қайтара алмаған оның, сот шешімі бойынша үйі сатылымға қойылған.

Владимир Воронов:


–  Мен қолхатты 2013 жылдың маусым айында жазған екенмін. Келісім бойынша тамызда қаражатты қайтаруым керек еді. Ал, олар болса тек бір жылдан соң шағымданды. Түсінуім бойынша, анам қалдырған үйдің маған өтуін тосқан ғой. Сот кезінде құжатқа қолды қысым көрсету нәтижесінде қойғаным анықталды. Алайда, неліктен екені түсініксіз баспанамды сатылымға шығарды.

Үйдің жаңа қожайыны пәтерді 5 млн. теңгеге ғана сатып алыпты. Бұл берешектің тек үштен бір бөлігі. Дегенмен, қарыз бердім деп сендіргендер қалған ақшаны сұратпай, шағымдарын қайтарып алған көрінеді. Владимир Воронов болса, оларды сотқа беріп, кінәларын дәлелдеймін деп үміттенуде. Бірақ, шиеленіскен жағдайдың анық-қанығына жетуге көмектесетін қорғаушыны жалдауға ақшасы жоқ. Сондықтан, оның әзірге сот үкімін орындаудан басқа амалы жоқ.

Нариман Назаров – жеке сот орындаушысы:

 


–  Үйді тартып алу сынды шаралардың жүргізілуі берешектің мөлшеріне байланысты емес. Егер, қарыз алған адам оны уақытында жапса, жеке меншігінен айырылмайды. Ал, егер ақшаны қайтарғысы келмесе, немесе ондай жағдайы болмаса үйінен шығаруға мәжбүр боламыз.

49 жастағы Владимир Вороновтың барар жері, басар тауы қалған жоқ. Барлық туған-туыстары дүниеден өтіпті. Далада қалған азамат енді жылу құбырларын паналаймын деп отыр.

Эльмира Садвокасова