МТРА жаңалықтары

Бұл ретте тұрақтандыру қоры ұсынған өнім төмен бағамен саудаланып, тұтынушыларға шығындарын реттеуге септесуде.

 

– Шаһардағы Коммуналдық базарда әдеттегідей сауда қызу. Әсіресе, азық-түлік бағаларын тұрақтандыру қорының сөресі маңында қарбалас. Бұл жердегі тауарларды жерлестеріміз ұзын-сонар кезекке тұрып сатып алып жатыр.

Тұрғындардың дәл осы сөре маңында кезекте тұру себебі түсінікті. Өйткені, тұрақтандыру қорының тауары өзгелерден анағұрлым арзан. Мәселен, 2-ші категориялы жұмыртқаның 10 данасы бұл жерде 175 теңге тұрады. Ал, көршілес сауда нүктелерінде оның құны – 240 теңгеге жетеді. Осыны ескерген жерлестеріміз бағасы төмен азық-түлікті молынан алып жатыр.

– Бұл жердегі тауардың құны біз сияқты зейнеткерлерге тиімді. Сол себепті келіп тұрамыз.


– Сарымсақ мен жұмыртқа алдым. Тауардың бағасы арзан. Осы жерге жиі келіп, сауда жасап тұрамын. Өте тиімді.

Тұрақтандыру қорының тауарларын жерлесіміз Қайрат Ахметбеков те сатып алуда. 63 жастағы қала тұрғыны осы жерде сауда жасау үшін шаһардың екінші шетінен келіпті. Қарт мұндағы өнімнің бағасы мен қоса, сапасы да өзгелерден жақсы дейді.

Қайрат Ахметбеков – қала тұрғыны:


– Мұндағы баға басқа жерлерге қарағанда 40 пайызға арзан. Әрі тауардың сапасы жақсы. Картоптың сырты бүлінбеген.

Жалпы, қазіргі күні тұрақтандыру қорының өнімі қаламыздағы 6 базар мен 4 бірдей ірі супермаркетте саудаланады. Сөрелерге шығарылатын 1100 тонна азық-түлікті ұйым өткен күзде сатып алыпты. Бүгінгі күні тауардың басым бөлігі тұрғындарға өткізілген.

Ғамали Жұмашов – «Солтүстiк» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:


– Өткен жылы жалпы құны 46,5 млн. теңге болатын 800 тонна картоп алынды. Тағы, 100 тоннадан қырыққабат, сарымсақ пен сәбіз ұйымға жеткізілді. Бүгінгі мәліметке сүйенсек, қорда 307 тонна қант, 11,36 тонна қарақұмық қалды. Бұдан бөлек, көлемі 800 грамм болатын күріш бумаларының 15 мыңнан артық данасы қалды. Қосымша 52 мың литр күнбағыс майын, 612 тонна қант пен 221 тонна картоп және 31 мың тонна пияз алу үшін келісімшар жасасып қойдық.

Дегенмен, қазір өңірде қырыққабат пен сәбіздің жетіспеушілігі байқалады. Бүгінде аталған көкөніс түрлерін теріскейге жеткізушілер іздестіріліп жатыр. Жақын арада мәселе шешілмек. Жалпы, биыл өлкеде азық-түліктың бағасы 3 пайызға жоғарылапты. Негізінен өзімізде дайындалатын сүт, нан қымбаттаған. Осы күні елімізде бағаны тұрақтандыруға бағытталған заң жобасы қаралып жатыр.

Мұрат Нұрқанов – СҚО Кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы:


– Бағаның шетті мәндерін орнату бойынша заң жобасы қаралуда. Бұрындары бұл орталық атқарушы органдардың құзіретінде болса, соны жергілікті билікке беру талқылануда.

Теріскейде тұрғындарды бағасы төмен тауарлармен қамту үшін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі жиі өтеді. Қалалықтар аудандардан жеткізілген өнімді шаһардағы 4 базардан сатып алады.

Мұрат Нұрқанов – СҚО Кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы:


– Баға 15-20 пайызға арзан. Негізінде сүт, ет өнімдері сатылады.

Жалпы, жыл басынан қалада 56 жәрмеңке өтіпті. Онда шамамен 82 млн. теңгенің тауары саудаланған.

 

Байболат Култанов