Білім

Республикалық пәндер олимпиадасының нәтижесі белгілі болды


“Білім-инновация” лицейінің оқушысы Рахат Ережепов олимпиадаға қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша қатысты. 10-сынып оқушысы қазақ тілі мен әдебиеті пәнін таңдаған екен. Республикалық деңгейдегі сайысқа алғаш рет қатысқанына қарамастан, жеткіншек қарсыластарын басып озып, 1-ші орынға ие болды.

Жалпы аталмыш білім ұясының оқушылары жыл сайын Республикалық олимпиадаларда жоғары нәтиже көрсетеді. Биыл лицей оқушылары 6 жүлделі орынмен оралған.

Рахат Ережепов – “Білім-инновация” лицейінің 10-сынып оқушысы:

– Қарсыластар саны көп болды. Республикадан 37 бала жиналды. Емтихан барысында қобалжу да болды. Қарсыластарым жоғары деңгейде дайындалған.

Ал Явленка орта мектебінің 11-ші сынып оқушысы Камилла Мұқанова биологияны таңдаған. Себебі, жеткіншектің Қарағанды Медициналық Университетіне түсу ойы бар. Ата-анасы дәрігер болғандықтан, Камилла да жастайынан биология пәніне қызығушылық танытыпты.

Камилла Мұқанова – Явленка орта мектебінің 11-сынып оқушысы, Есіл ауданы:

– Республикалық пән олимпиадасына биыл бірінші рет қатысып отырмын. Тыңғылықты дайындалып, қосымша әдебиеттерді оқыдым. Бірінші кезең практикалыққа, ал екіншісі – теорияға негізделді. Теориялық кезеңнің сұрақтары қиындық туғызды, десе де, бағым жанып, 3-ші орынға ие болдым.

Жалпы білім сайысында елімізден 1400-ге жуық оқушы бақтарын сынады. Олардың барлығы мектепішілік, аудандық, қалалық және облыстық кезеңдерден сүрінбей өткен дүлділдер. Ал өңірімізден бұл олимпиадаға 66 оқушы аттанған. Олардың 34-і – қоғамдық-гуманитарлық, ал қалғандары – жаратылыстану-математикалық бағытта білімдерін байқады.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Білім ошағында пәндік республикалық олимпиаданы қорытындылап жатырмыз. Олипиада 2 бағыт бойынша Атырау және Қостанай қаласында өткізілді. 66 оқушының арасынан 19 бала 1, 2, 3, орынның иегерлері атанды.

Республикалық пән олимпиадасың қорытындысы бойынша солтүстікқазақстандық оқушылар қоғамдық-гуманитарлық бағытта жалпы командалық есепте 2-ші орынға ие болды. Білім басқармасы мамандарының айтуынша, өткен жылғы нәтижемен салыстырғанда, биыл оқушылардың көрсеткіштері айтарлықтай жақсарған.

 

Молдир Макишева