МТРА жаңалықтары

Петропавлда робототехникадан облыстық жарыс өтті

Даниал Мұсахмед – Талшық орта мектебінің оқушысы, Ақжар ауданы:

– Мен кішкентай кезімнен бастап сынған ойыншықтарды қайта құраймын. Өзіме бұл іс ұнайды.

Ал, мына жерде “интелектуалды суммо” санаты бойынша бақ сынайтын роботтар бақылаудан өтуде. Ережеге сай олардың ұзындығы – 25 см, ені де дәл сондай болуы керек. Салмағы 1 келіден аспауы тиіс. Тағы, бұл жерде “адымдап жүретін” құлтемірлер де бар. Олар арнайы қашықтықты жылдам өтулері керек. Айта кетейік, Петропавлда робототехникадан облыстық жарыс алғаш рет өткізіліп отыр. Сайысқа қатысуға балалар өңіріміздің түкпір-түкпірінен жиылған.

Әділбек Исмағұлов – Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің информатика пәні мұғалімі:

– Жарыстың басты мақсаты – балаларға роботатехниканы таныстыру. Олардың қызығушылығын ояту.

Сонымен, “интелектуалды суммо” санаты бойынша құрастырылған құлтемірлердің бәсекесі басталды. Диаметрі 1 метр болатын шеңберде Ақжүніс Әбдуғаппарованың роботы күш сынасуда. Бойжеткеннің туындысы қарсыласына дес бермей, оны сыртқа итеріп шығарды.

Ақжүніс Әбдуғаппарова – Петровка орта мектебінің 8-сынып оқушысы, Есіл ауданы:

– Бұл роботты құрбым екеуміз құрастырдық. Оның жинау оңайға соқпады.

Жарыс соңында жеңімпаз атанғандар мақтау қағаздарымен марапатталды. Қазіргі таңда өңірдегі 26 мектепте робототехника үйірмесі бар екен.

 

Култанов Байболат