Жамбыл ауданы Баян ауылындағы “Ақжер 2010” серіктестігі 1 жыл бұрын құрылған. 15 мың гектар егістік алқапқа иелік ететін шаруашылық дәнді және майлы дақылдарды қатар өсіреді. Аграрийлер шаруашылықтың материалдық-техникалық базасын жаңартуға басымдық береді. Өткен жылы мұндағылар жалпы құны 480 миллион теңгеге соңғы үлгідегі су жаңа шетелдік себу кешендерін сатып алыпты.
Александр Хиторов – “Ақжер 2010” ЖШС атқарушы директоры, Жамбыл ауданы:
– Еңбеккерлердің жалақысы орташа есеппен алғанда 115 мың теңгенің айналасында. Барлығы серіктестікте 60 механизатор еңбек етуде. Ал көктемгі-күзгі қауырт маусымда еңбеккерлердің саны 90-ға дейін жетеді.
Қазіргі уақытта шаруашылықтың машина-техникалық паркінде “МТЗ” тракторы, “ЗИЛ”, “Камаз” жүк көлігі күрделі жөндеуден өтуде. Мәселен, қазір соңғысын тізгіндеген Михаилл Клюшников істен шыққан қозғалтқышты ретке келтіруде.
Михаилл Клюшников – “Ақжер 2010” ЖШС көлік жүргізушісі, Жамбыл ауданы:
– Техника болғасын сынбай тұрмайды. Шаруашылықта қызмет етіп жүргеніме 2 жылдай болды. Жұмысым көңілімнен шығады. Жалақымызды уақытында беріп тұрады.
“Не ексең, соны орасың” дегендей, серіктестік көктемгі дала жұмыстарына әзірлікті қысқы маусымда бастап кеткен. Жер емген диқандар – үстіміздегі жылы зығыр, рапс пен жасымық дақылдарын егіп, майлы дақылдастарға басымдық бермек. Осы жылы шаруашылықтағылар жергілікті және ресейлік серіктестіктерден көктемгі науқанға қажетті элиталы тұқым қорымен қамданыпты.
Александр Хитров – “Ақжер 2010” ЖШС атқарушы директоры, Жамбыл ауданы:
– Біз алдағы науқанға 100 тоннадай элиталы тұқым сұрпын сатып алдық. Егер жоспарлағанымыз іске асса, болашақта сапалы тұқым өндіруші шаруашылықтардың қатарын толықтырмақпыз. Былтыр мемлекет есебінен дәнді, майлы дақылдар гектар көлеміне сәйкес субсидияланды. Бұл шаруалар үшін үлкен демеу.
Кәсіпорын басшылығы өз қаражатына машина-трактор паркінен бөлек астық сақтау қоймасын да жаңартқан. Алда серіктестік мемлекет көмегіне жүгініп, етті бағыттағы ірі қара алуды көздеп отыр.
Бахыт Садвокасов