Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдіктің отырыс өтті

Жиын кадрлық тағайындаулардан басталды. Облыстық қорғаныс департаментін бұған дейін басқарған Еркінбек Байболовтың орнына Алмас Тілеуханов келді. Ал СҚО бойынша білім беру саласын бақылау департаментінің басшысы болып Ерлан Әбілдинов тағайындалды. Кейін отырыс күн тәртібі бойынша жалғасты. Биыл теріскейге оралман және түстіктен көшетін ағайындардың барлығы 767 отбасы келуі керек. Әзірге солардың 50-і ғана жеткен. Қоныстанушыларды өңіріміздің барлық аудандары қабылдауда. Көшіп келушілерге тиісті көмек көрсетілген. Бірақ кей ауылдарда тек бір ғана жанұяға жағдай жасалыпты. Ондайлардың қатарында Айыртау, Ғ.Мүсірепов, Тимирязев және Уәлиханов аудандары бар.

Сергей Яковенко – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуеметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:


– Қоныс аударушы отбасылардың әр мүшесіне көшіп келуге 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде яғни, 84175 мың теңге көмек көрсетілді. Оған 258,4 млн теңге бөлінді. Баспана жалдап тұрушыларға да қолдау көрсетілді. Қоныстанған 50 отбасының 14-і үйлерін сатып алды. Қазір әлі 30-ы құжаттарын реттеп жатыр. Ал 6-уы баспана жалдап тұруда. Жалпы 203 адам көшіп келсе, олардың 89-ы жұмыс істеуге қабілетті жандар. 109-ы балалар. Қоныстанғандардың 29 пайызы екі қолға бір күрекпен қамтылды. 28-і әлі жұмыссыз жүр.

Осы ретте облыс әкімі қоныс аударғандардың әлі күнге дейін жұмыс таппауының себебін сұрады. Өңір жетекшісін екі қолға бір күрекпен қамтылмағандардың бүгінде қай ауданда тұрып жатқаны да қызықтырды. Алайда, бір бума қағазының арасынан жауап таппаған Сергей Яковенко, олардың білімі жоқ деп қысқа қайырды. Бұндай жауап Құмар Ақсақаловтың көңілінен шықпады.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Көшіп келген адамдардың әлі 28-і жұмыссыз отыр. Онда адамдарды неге шақырдыңдар? Өңірге келушілер міндетті түрде жұмыспен қамтылуы керек. Менің түсінбеймін – еңбек етпейтіндерді жұмыссыздар санын одан әрі арттыру үшін әкелесіңдер ме? Жұмыс жайын оларды көшірмес бұрын тақылап алу қажет. Аудандағы ауыл шаруашылығы басшыларымен сөйлесіңдер.

Елді мекендерде 828 бос тұрған баспана бар екен. Алайда кей аудандарда ондай үйлер көп емес. Бірақ бұл жағдайды ескеріп жатқандар шамалы.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Тимирязев ауданы биыл 54 отбасыны қабылаймыз деп отыр. Бірақ бос үйлердің саны -19. Сонда қалғандары қайда тұрады? Тағы жұмыс жайын айтар болсақ. Сіздер облыс бойынша 1300 бос жұмыс орны бар дейсіңдер. Ал айыртау ауданы 50 отбасын көшіріп әкелгенімен, 38 адамды ғана еңбекпен қамти алады. Ақжар ауданына 62 жанұя қоныс аудармақшы, ал бос жұмыс орны тек 42. Вакансия жоқ, әкімдер оны ескермейді. Сонда жасап жатқан шараларымыз қайда? Мемлекеттік бағдарламалар ше? Атқарылып жатқан жұмыс көрінбейді. Олар кәспкерлікпен айналысып, көкөніс еге алады. Соған да жағдай жасалуы тиіс.

Жуырда солтүстікқазақстандықтар оңтүстік аймақтарға тағы барып, тұрғындармен кездеспек. Осы ретте облыс әкімі жасалған сапарлар оң нәтижесін беруі керектігін қадап айтты.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Осыған дейін оңтүстікке барып, жасаған кездесулер тиімсіз болды деп есептеймін. Жөнді жұмыс жасалмады. Сондықтан алдағы уақытта мұндай шаруаны тиісті мамандар дұрыс жасауы тиіс. Тіпті жұмыс берушілердің өздері барып, көшіп келушілермен кездесуі тиіс. Баспанамен қамту жайын айтар болсақ, үйлер шынымен де азайды. Қазір тұрғындар бар баспаналарын қымбатқа сатуға тырысуда. Сондықтан бұл мәселені алдағы уақытта қарастыратын боламыз.


Тағы аудан әкімдерінің көбі оларға тиесілі ауылдарға көшіп келген оралман мен оңтүстік ағайының жағдайын білуге құлықсыз. 5 аудан басшысы, атап айтсақ, Ақжар, Аққайың, Мамлют, Жамбыл және жұмабаевтық әкімдер ғана қоныстанушылармен кездесіп, хал жағдайларын сұраған. Құмар Ақсақалов кабинетінен әрі аса алмайтын басшылардың жұмысын сынға алды. Кейін өңір жетекшісінің қаһары бизнесмендердің ісіне кедергі келтіретін бастықсымақтарға ауды.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Барлық бақылаушы және қадағалаушы органдардың міндеті – бизнеске кедергі келтірмей жұмыс істеу. Яғни, қазір салынып жатқан ғимараттар көп. Оларды құрылыс барысында тексеру керек. Кейін, нысан салынып болған соң, оның кем-кетігін айтқандарыңыз керек емес. Жуырда бізде осындай оқиға орын алды.

Бір сөзбен айтқанда, болары болып, бояуы сіңгесін кемшілікті айтудың пайдасы жоқ. Ресейдің Кемерово қаласындағы апат осындай олқылықтың кесірінен орын алды. Сондықтан қазір облыстағы барлық нысандар жіті тексеруге алынды. Өңірдегі 1855 ірі ғимараттың 46 пайызы адамдар көп шоғарланатын нысандар екен.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:


– Басты назарға 30 сауда және ойын-сауық кешендері алынды. Солардың 4-уі ірі нысандар болып саналады. 2017 жылы осындай 17 нысан тексеріліп, оларда 70 олқылық анықталып, қожайындарына 600 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Алдағы уақытта бас прокуратураның тапсырмасы бойынша тағы 55 ірі нысанда терсеру жүргізбекпіз.

Жалпы Кемеровода орын алған жағдай барлығына сабақ болған сыңайлы. Сондықтан жиында өңір жеткшісі барлық жауапты ведомство басшыларын кезек- кезек тұрғызып, олардағы жағдайды сұрастырды. Сақтансаң, сақ боларсың деген қағиданы ұстануды талап етті.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Қадағалау шараларын күшейту керек. Адамдар көп шоғарлатантын жерлер ерекше бақылуда болсын. Әсіресе, эвакуациялық шығу есіктерінің жағдайын, өрт қауіпсіздігі дабылдары мен электр құрылғылардың жағдайын тексеріңдер. Тағы қызметкерлердің де оқыс оқиға бола қалғанда әрекет етуін қадағалаңдар. Еңбеккерлер не істерін білуі тиіс.

Жалпы жыл басталғалы бері өңірде 184 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл былтырғы көрсеткіштен 21 пайызға жоғары. Қызыл жалын 15 адамның өмірін жалмапты. Әкелген материалдық шығын 52 млн теңгені құраған. Негізінен от тұрғын үйлерде шарпуда. Жиын соңында көктемгі су тасқынына дайындық барысы пысықталды. Синоптик мамандардың мәліметінше, алдағы аптада күн жылынып +13 градусқа дейін жетеді. Бірақ солтүстікқазақстандықтарға қуануға ерте. Кейін тағы күн суытып ауа температурасы минус 5 градусқа дейін төмендейді. Қала басшысы Марат Тасмағанбетовтің сөзіне сенсек, шаһардағы барлық су өткізгіш құбырлар тазартылған. Құтқарушылар болса, жағдай бақылауда деп отыр. Ал өңір жетекшісі барлық құрылымдар тәуліктік жұмыс режиміне көшуі керектігін ескертті.

 

Магжан Ахмадина