Ауыл шаруашылығы

Үстіміздегі жылы ауыл кәсіпкерлеріне берілетін несие мөлшері ұлғайды

“Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ы кәсіпкерлікке бет бұрған ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді несилендіруді жүргізеді. 2013 жылдан бері қаржы ұйымы облыстағы 3 мыңдай бизнес иесіне 9 миллиард теңгенің заемын ресімдеген. Соның 1 мыңына қаржы нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2-ші бағыты шеңберінде іске асыпты. Институт қазіргі күні агроөнеркәсіптік кешенді жандандыруға бағытталған 5 бағдарламаны іске асыруға жауапты.

Айдар Төлеев – “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚФ директорының орынбасары:


– 2017 жылы нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту жобасы аясында, 700 теріскейлік 2 миллиард теңгеге қаржыландырылды. Ағымдағы жылы ел қазынасынан жергілікті қаржы ұйымына шаруалар мен кәсібін бастауға ниетті ауылдағы ағайынды қолдау үшін 1 миллиард теңге бөлініп отыр.

Есіл ауданы Амангелді селосының кәсіпкері Ақшолпан Рамазанова қаржы ұйымының көмегіне осыменен 3 рет жүгінуде. “Жан” шаруа қожалығының басшысы бұған дейін өсімдік пен мал шаруашылығын өркендетуге заем алса, бұл жолы етті бағыттағы ірі қара мал алуға қаржы сұрап отыр.

Ақшолпан Рамазанова – “Жан” шаруа қожалығының жетекшісі, Есіл ауданы:


– Қордың көмегіне жүгініп, шағын кәсібімді дөңгелетіп отырмын. Бизнестің өрісін кеңейтуге көмек көрсетіп отырған Елбасына алғысым шексіз. Өйткені екінші деңгейлі банктердің несиелендіру талаптары қарапайым тұрғындарға қолжетімді деп айта алмаймын. Ал қордың шарттары көмекақшаны аз уақыт ішінде алуға жағдай беріп отыр.

Биылдан бастап артқан заем соммасы кәсіпкерліктің одан әрі кең қанат жаюына өз әсерін тигізуі тиіс, – дейді орталық мамандары. Оның көлемі 5 мың АЕК-тен 8 мыңға дейін өскен. Осылайша жерлестеріміз 19 миллион теңгеге дейінгі заемға үміт арта алады.

Айдар Төлеев – “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚФ директорының орынбасары:


– Облыс бойынша Мағжан Жұмабаев, Айыртау және Қызылжар аудандарының бизнесмендері несие алу бойынша көш басында келеді. Кәсіпкерлердің 68 пайызы ірі қара мал алуға өтініш білдірген. Қалғандары өсімдік және басқа шаруашылықтарды бастауға несие ресімдеуде. Оның үстіне тұрғындарға 2 жыл көлемінде несиелік демалыс беру қарастырылған.

Айту керек, жергілікті қаржы ұйымы өткен жылы шаруаларды субсидиялау көрсеткіші бойынша республикада көш басына шығыпты.

 

Бахыт Садвокасов