Денсаулық сақтау

2-ші мамырдан бастап перзентхана өз жұмысын тоқтатпақ

 

 

Наталья Помазанова қалалық перзентханада 7 жылдай жұмыс істеп келеді екен. Осы аралықта, неонатолог маман бір рет жұмысынан айырылыпты. Себебі, 2016 жылы санитарлық нормаға сай келмегендіктен, нысанның есігіне қара құлып салынды. Бұл аралықта ақ халаттыларға жаңа жұмыс орнын іздестіруге тура келген. Бірнеше айға созылған жөндеу жұмыстарынан кейін қайта ашылған перзентхана міне тағы жабылатын болды.

Наталья Помазанова -3-ші қалалық аурухананың перзентхана бөлімшесінің неонатологы:


–  Қазір перинаталдық орталық пен перзентханада кезекпен жұмыс істеймін. Мұндағы әйелдерге жасалған жағдай өте жақсы. 20 адамға ғана шақталса да, босанушы жандарға тиісті деңгейде қызмет көрсетілуі қажет деп санаймын. Сондықтан, перзентхананы жабуға болмайды.

Бұл нысан облыстық перинаталдық орталық мамандарына түсетін салмақты азайту үшін 2011 жылы ашылыпты. Мұнда жүкті әйелдерге тек 2-ші деңгейлі көмек көрсетіледі. Яғни, патологиясы бар нәзікжандылар бұл перзентханада босана алмайды. Себебі, нысанда жан сақтау бөлімі жоқ. Жалпы мекеме тек 20 әйелге шақталған. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бала туу көрсеткіші төмендегендіктен, бұл кереуеттердің өзі кейде бос тұрады екен.

Ержан Әбуғалиев – 3-ші қалалық аурухананың бас дәрігері:


–  Орташа есеппен перзенхада күніне 3-4 нәресте дүниеге келеді. Яғни, жылына 1200 сәби туады. Бұл нормадан 3-4 есеге
аз. Сондықтан, мекеменің құрылымын өзгерту үшін осындай шараны қолдануға тура келіп тұр. Оған қоса, жұмыс істейтін мамандардың басым бөлігі перинаталдық орталықтікі. Мұнда олар тек кезекшілікке келеді.

Перзентхана мамандарын осы жұмыс жайы толғандыруда. Алайда, 3-ші қалалық аурухананың бас дәрігері оларды міндетті түрде қайта қызметке тұрғызатынына уәде етті. Ал, ғимараттың перзентхана орналасқан қабаты енді жарақат емдеу бөліміне беріледі. Яғни, жуырда мұнда оңалту орталығы орын теппек. Себебі,бұндай шараларға арналған мекеме қаламызда жоқ.

Дәуренбек Бейсембаев – СҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

 


–  2017 жылы перзентхана жұмысына 106 млн тенге көлемінде қаражат жұмсалды. Оның тек 84 млн-ы өзін ақтап шықты. Кереуеттер бос болғандықтан, қаржының 21 пайызы босқа кетті. Егер, перзентхана жұмысын жалғастыратын болса, жағдай тағы қайталануы мүмкін. Ал, бюджеттен бөлінген бұл ақшаны басқа бағытта пайдаға жаратуға болар еді.

Құзырлы орган мамандарының сөзінше, перзентхананың жабылуынан жүкті әйелдерге көрсетілетін қызметтің сапасы төмендемейді. Керісінше, енді кез-келген нәзікжанды 160-тан астам кереуеті бар, әрі жан сақтау бөлімімен қамтылған мекемеде босанбақ.

Эльмира Сәдуақасова