Әр түрлі

Сәуір айы мамыражай күндермен қуанта ма

Десе де алдағы 30 күннің ішінде ауа райы сан құбылып, теріскейліктерге тосын сый әзірлеуі де ықтимал.

 

Саят Ермек – тілші:


– Наурыз айы жауын-шашынға толы болды. Қазір күнтізбеде сәуір – нағыз көктемнің бой көрсетіп, жайма-шуақ күндердің келер шағы. Десе де, теріскейде әлі де ақ ұлпа қар жатыр. Ал, күннің жақын арада жылынар түрі көрінбейді. Келіп жеткен көкек айында ауа райы қуанта қояды ма? Синоптиктерден сұрап білдік.

Айдың орташа температурасы шамамен плюс 3 пен 5-тің аралығында құбылады. Бұл – “Қазгидромет” мамандарының болжамы. Синоптиктердің сөзінше, сәуірдің алғашқы онкүндігі айтарлықтай жылы бола қоймайды. Сынап бағанасы күндізгі уақытта плюс 5-тен әрі аспаса, түнде тіпті -10 градусқа дейін аяз болады деп күтілуде. Десе де, жерлестеріміз қысқы курткалары мен ішіктерін шешіп, маусымдық жеңіл киімге алмастырар шақты асыға күтумен жүр.

– Ауа райы салқын. Әлі шубамен жүрмін. былтыр бұл уақытта жылы болған еді.

– Әлі қар жатыр. Мамырға дейін салқын болады деп ойлайм.

– Сәуір ғой, күн жылынуы тиіс.

Қалай болғанда да, өңірге теріскейліктерге арман болып отырған жылы күндер жетеді. Айдың екінші онкүндігінде ауа температурасы біршама жоғарылайды деген болжам бар.

Гүлзат Ғазизова – “Қазгидромет” РММ СҚО бойынша филиалы метеоболжам бөлімінің жетекшісі:

– Екінші онкүндіктің бірінші жартысында ауа температурасы түнде +3-8, күндіз +13-18 градусқа дейін жоғарылайды.Екінші жартысында түнде минус 0-5, ал күндіз +5-10 градуска дейін жылиды.

Мамандардың сөзіне сенсек, мұндай қолайлы температура сәуірдің соңына дейін сақталады. Десе де, жауын-шашынның жерлестерімізді біраз әбігерге салуы да ғажап емес. Көкек айында ол мөлшерден көп түседі деп болжап отыр синоптиктер.

Гүлзат Ғазизова – “Қазгидромет” РММ СҚО бойынша филиалы метеоболжам бөлімінің жетекшісі:

 

– Бірінші, үшінші онкүндіктерде кей жерлерде жауын-шашын, көктайғақ болады. Айдың ортасында тұман болуы ықтимал.

Тарихқа көз жүргіртер болсақ, сәуірдегі ең ыстық күн 1982-ші жылы айдың 30-ы тіркеліпті. Онда сынап бағанасы +31 градусты көрсеткен.

Саят Ермек