Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірге ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин келді

Александр Фомичёв – «Петерфельд Агро» ЖШС атқарушы директоры, Қызылжар ауданы:

– Шаруашылықтың құрылғанына 10 жыл болды. 2012 жылы біздер Германиядан симментал тұқымды 600 бас құнажын әкелдік. Қазір мал басы 2 мың 443-ке жетіп отыр. Негізінен сүтті бағыттағы мал ұстаймыз. Жылына бір бас сиыр 5300 литр сүт береді. Тағы асыл тұқымды ірі қарамен жергілікті шаруашылықтарды қамтып келеміз. Осы уақытқа дейін 1450 бас тайшаны саттық. Малға қает азық қорын өзіміз әзірлейміз.

Серіктестік бұдан бөлек, егін шаруашылығымен айналысады. Жыл сайын мұнда 6 мың гектардан астам аумаққа дән сіңіріледі. Кейін мәжілісі спикері Нұрлан Нығматулинге өңірдің көктемгі егіске әзірлігі жайлы айтылды. Өткен жылы қолға алынған әртараптандыру шаралары биыл да жалғасын таппақ.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:


–  Дәнді дақылдардың аумағын 1 млн гектарға азайтып отырмыз. Егер 2013 жылдары 3 млн 600 гектар жерге бидай сепсек, биыл оған қарастырылған алқаптар 2 млн 663 гектарды құрайды. Сөйтіп, біздер экспортқа бағытталған өнім өсіруді қолға алдық. Ол майлы және бұршақ тұқымдас өсімдік түрлері. Біздер майлы дақылдардың республикалық көлемінің 40, ал жасымықтың 60 пайызын өсірмекпіз.

Биылғы қыс қарға сараң болды. Бұл әрине жердегі ылғалдың аздығына әкелуі мүмкін. Бірақ уақытылы жасалған жұмыстар сапалы астық алуға кедергі болмайды деді өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Жақсы өнім алуға қажеттінің барлығы бар. Жеңілдетілген жанар-жағармай жеткілікті. Оны кестеге сай алып келеміз. Тыңайтқыштарды да жерге сіңіріп жатырмыз. Өткен жылы 90 мың болса, биыл 110 мың тоннасы сіңіріледі.

Сондай-ақ, жиында цифрландыру жайы айтылды. Бүгіндері өңірдегі 26 шаруашылық тың жүйе бойынша жұмыс істеп жатыр. Жыл соңына дейін олардың санын 50 -ге жеткізу көзделген. Тың әдістерді қолданып жүргендердің бірі – Анатолий Рафальский. Қазіргі күні оның серіктестігінде 8 заманауи бағдарлама жұмыс істеуде.

Анатолий Рафальский – «Тайынша Астық» ЖШС директоры, Тайынша ауданы:


–  Соңғы 3-4 жылдан бері түрлі бағдарламалардың шарапатын көріп, өз жұмысымызда тиімді пайдаланып келеміз. Соның бірі бізге барлық машина-трактор паркінің жұмысын спутниктен бақылауға мүмкіндік береді. Олардың қанша жанар-жағармай жұмсағанын, жерге қанша тұқым мен гербицид сіңіргенін көре аламыз. Тағы алқапта техника қанша уақыт тоқтап тұрғанын байқайсың. Өйткені, қауырт маусымда кез-келген көлік бір сәтке де кідірмей жұмыс істеуі тиіс. Егер сондай жағдай бола қалса, арнайы мамандар техника тұрып қалған жерге барып, мән-жайды анықтайды.

Нақ осы жерде ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулинге өңірде дайындалатын сүт өнімдері көрсетілді. Бұл тектен тек емес. Өңіріміз ақты шығарудан елімізде көш бастап тұр. Қазақстан бойынша сүт өндірісі жөнінен алдыңғы қатарлы кәсіпорын да бізде. Ол «Зенченко и К» КС. Мұндағылар күніне 62 тонна дайын өнім шығарады.

Геннадий Зенченко – «Зенченко и К» КС бас директоры, Қызылжар ауданы:

– 2016 жылдан бастап тауарымызды Қорғанға тасымалдаймыз. Күніне 6-7 тонна өнім жөнелтіледі. Тағы Омбы облысына да тауар жеткіземіз. Біздер үшін қазір басты мәселе – Қытай нарығына шығу болып отыр. Бұны барлық солтүстікқазақстандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер күтіп жүр. Онда өзімізде шығатын өнімге өзге нарықты іздемей, аспан асты еліне тасымалдар едік.

Мәжіліс спикерімен өткен кездесудің басты тақырыбы – Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы болды. Нұрлан Нығматулин Елбасының жуырда жариялаған құжаты әр қазақстандықтың өмірін жақсартуға арналғандығын айтты. Әсіресе, баспаналы болуды армандағандарға мемлекет басшысы ипоеканың тиімді жолын көрсетті.

Нұрлан Нығматулин – ҚР Парламент Мәжілісінің Төрағасы:


–  Егер Петропавл қаласын алар болсақ, баспана шамамен 7 млн. теңге тұрады. Отбасында жұмыс істейтін екі адам болса, олар айына 50 мың теңгеден төлейді. Осылайша, 25 жыл өз үйіңде тұрып оның ақшасын өтейсің. Бұл, әрине, кім кімге болсын тиімді.

Нұрлан Нығтматулин студенттерге қосымша гранттар бөлудің де уақтылы жасалған қадам екендігін айтып отыр. Тегін білім беру жолдамасы техникалық мамандықтарды игеремін дегендерге берілмек. Бүгіндері олар еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие.

Геннадий Зенченко – «Зенченко и К» КС бас директоры, Қызылжар ауданы:


–  Бүгіндері жастардың дені ауылдық жерде жұмыс істегісі келмейді. Тіпті агрономдар мен мал дәрігерлерінің өзі қалада қалғысы келеді. Бұл дұрыс емес. Сондықтан, мемлекеттік грант есебінен оқығандар мамандығына байланысты ауылдық жерде міндетті түрде жұмыс істеуі тиіс. Сондай шарт қойылса, жақсы болар еді.

Бұл ұсынысты мәжіліс спикері жоғарғы жаққа жеткізетіндігін айтты. Жиында кеңінен қозғалған мәселе – шағын несие беру жайы болды. Президент өз бастамасында кәсіп ашып нәпақа табамын дегендерге бұрынғыдан да мол қаржы бөлу керектігін айтты. Сөйтіп, несиелендіруге қосымша 20 млрд теңге қарастырылуда. Осы ретте Нұрлан Нығматулин мемлекеттен бөлінетін қаржының басым бөлігі, яғни 14 млрд теңгесі ауыл шаруашылығы саласына бағытталады деді. Мәжіліс спикері шағын несиелерді шалғай жатқан ауыл тұрғындарына да беру керектігін ескертті.

Нұрлан Нығматулин – ҚР Парламент Мәжілісінің Төрағасы:


–  Мемлекеттен бөлінетін қолдау қаржы көлемі артып келеді. СҚО өсім 30 пайызды көрсетіп отыр. Көбіне, ауылды жерлерге қаржы беріліпті. Осы ретте байқаңыздар. Өйткені, кей өңірлерде несие облыс орталығына жақын жатқан елді мекендерге ғана бөлініпті. Олай болмауы тиіс. Ақша барлық аудандарға бірдей берілсін. Бизнес саласы дамуы керек. Оның үстіне қосымша жұмыс орындары ашылады. Бұл әрине ауылдардың дамуына, тұтыс аудан, қала, өңірдің өркендеуіне септеседі.

Былтыр несие алып ісін бастағандардың бірі – Рауэль Жарасбаев.

Рауэль Жарасбаев – «Шапағат» ЖК директоры, Қызылжар ауданы:


–  11 бас ірі қара мал алдым. Отбасымызбен соның табысын көреміз деп ойлаймын.

Жалпы өткен жылы Қызылжар ауданының кәсіпкерлеріне 134 млн. теңге бөлінген екен. Биыл бұл сома біраз өсіп 222 млн. теңгені құрапты. Қазірдің өзінде 94 қызылжарлық іскер азамат кәсібін ашуға өтініш тастаған.

Мағжан Ахмадина