МТРА жаңалықтары

23 наурыздан бастап теріскейде жүк көліктеріне тиелетін тауардың салмағына шектеу қойылды

Сондықтан да, мына жолда жеңіл машиналардан бөлек, бірқатар қазақстандық және халықаралық жүктерді тасымалдайтын көліктер де қатынайды. Мәселен, Асанәлі Жантасов Петропавлдан Булаево қаласында орналасқан бензин құю бекеттеріне жанар-жағармай жеткізбек. Азамат бұл салада тек 1 жылдай еңбек етеді екен. Бұған қарамастан қардың сөбесі сөгілген кезде жүк көліктеріне қойылатын талапты жақсы біледі.

Асанәлі Жантасов:


–  Қар ери бастағанда біз басқа да жүк көліктері секілді тасымалдайтын тауар салмағын азайтамыз. Жолға шығар алдында оның бәрін өлшеп аламыз. Мәселен, қазір көліктің жалпы салмағы 17 тоннадай. Бұл рұқсат етілген норманың өзінен екі есе аз.

Ауыр машина тоқтатылғаннан кейін жылжымалы көліктік бақылау бекетінің мамандары алдымен жүргізушінің тиісті құжаттарын тексереді. Кейін техника ноутбукке қосылған арнайы өлшегіш құрылғысына қойылады. Осылайша, машина осіне түсетін салмақты экран арқылы көруге болады. Ал, Андрей Спектаренко болса Ресей Федерациясына жол тартпақ. Ол тізгіндеген жүк көлігіне сүт өнімі тиелген. Сондықтан, көліктік бақылау испекциясымен қойылған шектеулерге азаматтың машинасы ілікпейді. Себебі, халықаралық тасымалдаушыларға және азық-түлік өнімдеріне бұл ереже таратылмайды.

Андрей Спектаренко:


–  Мен жүк көлігін 30 жылдай тізгіндеп келемін. Барлық тиісті құжаттарым бар. Азық-түлікті тасымалдайтындықтан мамандар көліктің салмағын өлшемейді. Бірақ, біз де оны шектен тыс асырмауға тырысамыз.

Елімізде ірі габаритті және жүк көліктеріне қойылатын шектеу 2013 жылдан бері күшіне енген екен. Бұндай шара қар еріген кезде асфальттың қалпын бұзбауға бағытталған. Осылайша, жыл сайын 23 наурыз бен 1 мамыр аралығында ауыр машиналарға тиелген тауардың салмағы едіәуір азайтылады.

Андрей Марков – СҚО бойынша көліктік бақылау испекциясы басшысының орынбасары:

 


–  Бұл аралықта көліктің бір осіне түсетін салмақ 20 пайызға азайып, 8 тоннаны құрайды. Шектеу халықаралық жолаушылар және жүк тасымалына таратылмайды. Ал, ауыр машинаның салмағы бекітілген ережеден асатын болса техниканың иесі көлік испекциясына барып арнайы рұқсат алуы қажет. Бұдан түскен қаражат ел бюджетіне жіберіледі.

2017 жылы өңірде көлік иелеріне 1 мың 201 арнайы рұқсат қағазы берілген. Нәтижесінде, ел бюджетіне 96,7 млн тенге пайда түсіпті. Ал, қулыққа көшіп, жүкті тиісті құжатсыз тасымалдайтындарға 20-дан 1000 АЕК айыппұл салынады.

Эльмира Сәдуақасова