Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мәжіліс депутаттары СҚО ІІД ұжымымен кездесті


Марина Писаренко – Петропавл қалалық ІІБ жедел басқару орталығының кезекші-инспекторы:


– Жаңа бағдарлама бойынша өз баспанама қол жеткізгім келеді. Ипотека алуға шамам жетеді. Жалақым төмен емес. Менің ойымша бұл бастама жастарға жақсы қолдау болады. Халықтың тұрмыс жағдайы жақсарса, тиісінше, еліміздің демографиялық ахуалы да оңалар еді.

Тұрғын үй бағдарламасы үстіміздегі жылдың екінші жартыжылдығында іске қосылады деп күтілуде. Алайда жылдық 7 пайыз мөлшерлемесімен берілетін заемның өзі сержанттар құрамына қымбатқа түсуі мүмкін. Себебі шені төмендердің жалақысы шамалы.

Виктор Бухарев – СҚО ІІД бастығының орынбасары:


– Полицейлердің жалақысы 60 мыңнан басталады. Сонда олар ипотекалық несиеге ай сайын 50 мың теңге беріп отырса, өздеріне 10 мың теңге қалайын деп тұр. Осыны ескерсек, бәрі бірдей жақын жылдары жеке пәтеріне қол жеткізеді деп айту қиын. Сондықтан тәртіп сақшыларына арнап жатақхана тұрғызу керек деген ойдамын.

Орайы келіп тұрғанда СҚО ІІД жанындағы консультативтік-кеңесші органнның мүшелері осы ұсынысты мәжіліс депутаттарына жеткізді. Әсіресе, жастардың мәселесі қызу талқыланды.

Александр Мерк – Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжiнiң директоры,СҚО ІІД
консультативтік-кеңесші органнның мүшесі:


– Бүгінде облысымызда 2 мыңнан астам студент пәтер жалдап тұрып жатыр. Ата-ананың қалтасына үлкен салмақ түсуде. Мен жақында сараптама жұмысын жүргіздім. Көпшілігі Ресейдің оқу орындарын таңдайды екен. Себебі онда жастарға барлық жағдай бар. Көрші елде жатақхана мәселесі жоқ. Ал бізде кейбір коледждерде жатақхана атымен жоқ. Мысалы, қажетті мамандарды даярлайтын медициналық колледждің жеке студенттер үйі болған емес.

Татьяна Анцибар – Н.Крупская атындағы №10 орта мектептің директоры, СҚО ІІД
консультативтік-кеңесші органнның мүшесі:


– Жатақханаларды студенттерге ғана емес жас педагогтарға да арнап тұрғызу керек деп есептеймін. Еңбек өтілі аз мұғалімдердің жалақысы баспана алуға жетпейді. 100 мың теңге айлыққа қол жеткізу үшін педагогтар 10 жыл тер төгеді. Оның өзінде біразы көпке дейін тұрақтамайды. Еңбекақының аздығынан жастар болашағын білім саласымен байланыстырғысы келмейді.

Төменгі палата өкілдері қазірдің өзінде мелмекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жатақханаларды кәсіпкерлердің қаражаты есебінен тұрғызу амалдары қарастырылып жатқанын айтты. Ал аталмыш нысандарға инженерлік желі тартуды мемлекет өз мойнына алмақ.

Жәмиля Нұрманбетова – ҚР парламенті Мәжілісінің депутаты:


– Жергілікті әкімдіктер инвестор тауып, жатақханаларды солардың қаражатына тұрғызуы керек. Оған жер бөлініп, қажетті инженерлік желілерін тартып беруі тиіс. Биыл осы мақсатқа ел қазынасынан 100 млрд теңге бөлінеді деп болжануда.


Сондай-ақ, жиын барысында Елбасының өзге бастамалары жайлы да сөз қозғалды. Мәжіліс депутаттарының өңіріміздегі жұмыс сапары сәуірдің 6 дейін жоспарланған. Сол күнге дейін халық қалаулылары басқа да еңбек ұжымдарымен кездесіп, алдағы шаруа жайын сөз етпек.

Берік Қасен