Бизнес және экономика

Кәсібін ұршықтай иірген ресейлік іскер бизнесмен өңір жастарына семинар өткізді

“Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз” дегендей бүгін өңірімізге Мәскеу қаласынан белгілі кәсіпкер Иван Шевнин келіп, жергілікті іскер жандармен өзінің жылдар бойы жинақтаған тәжірибесімен бөлісуде.

Иван Шевнин – кәсіпкер, Мәскеу қаласы, РФ:


– Тегін конференцияларды бірнеше жылдан бері өткізіп келемін. Бұл менің Қазақстанға алғаш келуім. Менің әлеуметтік желіме Ресей мен ТМД елдерінің бизнесмендері үнемі хат-хабар жазып тұрады. Мүмкіндігінше, олардың әрбіріне жауап қатып, көмегімді беруден жалықпаймын.

Бүгінде бизнес иесінің Ресейдің ондаған қаласында ірі сауда орталықтары бар. 12 жылдық тәжірибесі бар мәскеулік кәсіпкер, шаһарға “Лайк Центр” серіктестігінің шақыртуымен келіп отыр. 2 ай бұрын жұмысын бастаған орталықта жергілікті жас кәсіпкерлер осы істің қыр-сырын меңгере алады.

Рүстем Башаров – “Лайк Центр” ЖШС басқарушысы:


– Серіктестігіміздің арнайы коучерлері мен тренинг ұйымдастырушылары бизнесті өрге домалатудың қағидаларын түсіндіреді. Қазіргі таңда орталық Қазақстанның барлық қалаларында дерлік ашылды. Негізгі бағытымыз – қатарымызға жаңадан қосылып, кәсіпкерлік тетіктерін меңгергісі келетін жастарға жол сілтеу.

Шараға кәсіптен нәсіп тауып отырған мәскеулік мейманның ақыл-кеңесін тыңдап, өздеріне керектісін алуға келгендер аз болмады. Әрсен Әубәкіров те пайдалы семинарда тың ақпаратқа кенелетініне үмітті.

Әрсен Әубәкіров – қала тұрғыны:


– Осы сынды тегін тренингтер біздер үшін ауадай қажет. 3 сағаттық басқосуда айтылған ойларды түртіп алып, пайдама жаратамын деген сенімдемін.

Болашақта ресейлік бизнесмен еліміздің басқа қалаларына да барып, жас кәсіпкерлерге семинар өткізбекші.

 

Бахыт Садвокасов