Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов параолимпиадашыларды марапаттады

Бойдағы күш пен жеңіске деген жігердің арқасында мүмкіндігі шектеулі жерлестеріміз, аяқ-қолы бүтін споршылардай сынға түсті. Сол себепті теріскейлік биатлоншылар мен шаңғышыларға қандай құрмет көрсетсек те жарасады.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Еліміздің атынан қатысқан спортшылардың 4-еуі біздің өңірдің жастары. Сендер жақсы өнер көрсеттіңдер. Біз сіздер үшін қуаныштымыз.

Спортшылардың арасындағы Александр Герлицтің ерлігін ерекше айтып өткен жөн. Ол әлемдік додада 4-ші орын иеленді. Шаңғышы 20 шақырым қашықтықты 47 минут 53 секундта бағындыра алды. Жерлесіміз қола жүлде иегерінен бар болғаны 42 секундқа қалып қойды. Дегенмен, бұл нәтижесі параолимпиадашының көңіліне қаяу түсірмеген сыңайлы.

Александр Герлиц – Биатлон және шаңғы жарысынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Көптеген кәсіби спортшылар 4-орын – ең өкінішті нәтиже екенін айтады. Алайда, мен бұлай санамаймын. Өйткені, осы жетістік талай жыл бойы төккен тердің арқасында келді. Өзім бала күнімнен спортпен айналысамын. 2011 жылы жол апатына ұшырап қолымнан айрылғаннан кейін, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өтетін жарыстарға қатыса бастадым. Әлі де алар асуым алда. Қателіктермен жұмыс істеп, келесі додаларға көк байрақты көкте желбіретуге тырысамын.

Теріскейлік спортшылардың еңбегі елеусіз қалмады. Өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов Александр Герлицке СҚО әкімінің Құрмет грамотасы мен 1 млн теңге көлемінде ақшалай жүлдесін табыс етті.

Сонымен қатар, Сергей Усольцев, Қайрат Қанафин мен Антон Ждановичке де облыс әкімі Құрмет грамотасы мен 500 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйақы берді. Тағы, спортшыларды 4 жылдықтың басты бәсекесіне дайындаған жаттықтырушылар да назардан тыс қалмады. Оларға да облыс әкімінің Алғыс хатттары мен жарты миллион теңгеден табысталды.

Мария Дробязко – Биатлон мен шаңғы жарысынан жоғарғы санатты жаттықтырушы:

– Облыс әкімінің біздерге жасап жатқан жағдайы қуантады. Келесі жарыстарда өңіріміздің, еліміздің намысын бұдан да жоғары деңгейде қорғауға барымызды саламыз. Жас спортшыларды дайындауды жоспарлап отырмыз. Талантты жандар жетерлік. Жалпы, қазіргі таңда қазіргі таңда өлкемізде 1000-ға жуық мүмкіндігі шектеулі спортшы бар.

Айта кетейік, келесі Параолимпиада ойындары 2022 жылы Қытайда өтпек. Ол сайысқа да теріскейлік споршылар қатысуға дәмелі. Жиын соңында шара қатысушылары естелік суретке түсті.

 

Байболат Бектемірұлы