Қоғам

Наурыз мерекесі көпқабатты үйлердің аулаларында да тойланды

Эльмира Сәудақасова – тілші:


– Наурыз жер бетінде жақсылық ұялаған күн. Дәстүрге сай мерекеде халық бір-бірінен кешірім сұрап, көрші-қолаңға қонаққа барған. Бүгінде бұл қайта жаңғыруда. Осымен екінші жыл қатарынан теріскейліктер көпқабатты үйлердің аулаларында киіз үй тігіп, мейрамды барша сән-салатанатымен атап өтуде.

Былтыр әз наурыз мейрамы 30 аулада ұйымдастырылса, үстіміздегі жылы олардың саны 47-ге жетіп, барлығы 300 көпқабатты баспананың тұрғындарын біріктірген. Шоқан Уәлиханов, 48 мекен жайында да бұл мейрам кезекті рет ұйымдастырылуда. Әрбір отбасы дастархан жайып, ұлттық әдет-ғұрыпты ұлықтауды дәстүрге айналдырған.

Қаһарлы қыстан аман шыққан жерлестеріміз жаңа жылды көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алуда. Мерекенің көрігін аулаларында қыздырған қалалықтарды ұлыстың ұлы күнімен облыс басшысы Құмар Ақсақалов құтттықтады.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Аулаларыңызда осындай керемет мереке ұйымдастырып, ат салысқандарыңыз үшін алғыс айтамыз. Әр тұрғын мейрамнан шет қалмағаны жөн. Бұл шаралар арқылы, бір-бірімізді жақсы танып, тату боламыз. Алдымызда 1-ші мамыр мерекесі бар. Оны да бірігіп, аулаларда өткізсек жақсы болар еді.

Ыстық бауырсақ, палау, бесбармақ пен наурыз мерекесінің басты тағамы – наурыз көже. Келген құдайы қонақтар міндетті түрде майлы дастарханнан ауыз тиіп, ақсақалдың батасын алуы қажет.

Мейрам кішкентай қалалықтар үшін тіптен қызық. Тұрғындар балғындарға арнап алтыбақан құрып, түрлі ойындар ұйымдастырған. Әз-наурызды атап өтуге Құдратұллаевтар отбасы да келіпті. Жанұя бұл аулада 5 жылдан астам уақыт тұрады. Көршілерімен туысындай араласатын олар осындай мейрамдарда бас қосқанды жөн санайды.

Мақсат Құдратұллаев – Петропавл қаласының тұрғыны:


–  Отбасымызбен наурызды жақсылап атап өтеміз. Қазір келіншегім үйде бесбармақ әзірлеп жатыр. Қонақ күтеміз.

Отбасының тұңғышы – 12 жастағы Нұргүл үшін де бұл ерекше мейрам. Ұлыстың ұлы күнінде мектеп оқушысы ойын ойнап қана қоймай, уақытын ас үйде өткізгенді де ұнатады екен.

Нұргүл Құдратұллаева – Петропавл қаласының тұрғыны:


–  Мен бауырсақ пісіремін. Болашақта бесбармақ пен басқа да ұлттық тағамдарды дайындауды үйренгім келеді.

Биылдан бастап әз наурызды тойлайтын тағы бір алаң пайда болды. Ол – 20-шы ықшам аудандағы Сити-молл ойын-сауық орталығы. Мұнда тұрғындарға арналып, мерекелік концерт қойылды. Ал, тепсе темір үзетін жігіттер өз күштерін спорттық шараларда сынады.

–  Наурыз құтты болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.


–  Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Ашық аспан тілеймін.

 


–  Ақ мол болсын. Әрқашан да елімізде тиыштық болсын.

Эльмира Сәудақасова