МТРА жаңалықтары

Кішкенекөлде спорт кешені ашылды

Есесіне екіұдай мерекеге жиылған халықтың қарасы қалың. Оларды дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің ашылуымен облыстық дене шынықтыру басқармасының басшысы Руслан Есеналин құттықтап, өңір жетекшісінің атынан болашақта алынатын құралдарға 400 мың теңгенің сертификаты мен бокспен айналысуға арналған ринг табыс етті. Аудан басшысы Медет Оспанов мұндай нысаның Наурыз мерекесінде ашылуы аудан үшін қуанышты жайт екендігін айтты.

Медет Оспанов – Уәлиханов ауданының әкімі:


–  Бүгінгі күні ауданда 33 топ 400-ге жақын балаларды біріктірген спорт мектептерінің өз шаңырғы болған жоқ. Жылдар бойы мектептер ғимаратында айналысып келді. Дене шынықтыру мектебі мен спорт бөлімі енді осы ғимаратта болады. Заманауи талаптарға сай күрес алаңы мен ойын алаңдары қамтылған.

Уәлихановтықтарды атаулы мерекемен Виктор Вовк та құттықтады. Ауданға танымал меценат Алматыға көшіп кетсе де, туып-өскен жерін ұмытпай, үнемі қаржылай қолдау көрсетіп тұрады. Жуырда ол балаларға екі млн теңгеге хоккей костюмдерін алып берген. Бұдан соң, кешеннің таспасы қиылып, жиылған қауым нысанның жабдықталуымен таныса алды.

Нысаның құрылысына облыстық бюджеттен 183 млн теңге қаржы бөлініпті.

Мағжан Ахмадина – тілші:


– Мына тақтада уалихановтықтардың спортта жеткен жетістіктері көрсетілген. Олардың қатарында еркін күрес пен ауыр атлетикадан өңір намысын республика мен өзге құрлықтарда қорғап жүрген жерлестеріміз бар. Алдағы уақытта бұл тізім арта түсеріне сенім мол. Өйткені ашылған заманауи кешенің мүмкіншілігі зор.

1300 шаршы метрге жуық аумақта орналасқан кешенде балғындар футбол, волейбол, күрес сынды спорттың 8 түрімен айналыса алады.

Бектай Хасенов – Уалиханов ауданындағы жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:


–  Нәтижеміз жақсы. Жаттықтырушылар жеткілікті бәрі өзіміздің шәкірттеріміз. Бәрі оқуды бітіріп елге қайтып жұмыс істеп жатыр.

Бұл кешен алдағы уақытта ауданның мақтанышы – 16 жасар Санат Қайыргелдин сияқты талай спортшыны баптауға мүмкіндік бермек. Аудан оқушысы жуырда Минск қаласында өткен турнирде 3-ші орынға қол жеткізген. Болашағынан зор үміт күттіретін балуан алдағы уақытта қаржылай қолдау болса, Түркияда өтетін жарыста да ел намысын қорғамақ.

Санат Қайыргелдин – ҚР еркін күрестен спорт шеберіне үміткер, Уәлиханов ауданы:

– Осыған дейін біз колледждің залында дайындалып келдік. Ол мына залға жетпейді. Мына зал жаңа. Ауа көп. Душқа түсуге арналған кабинкалар бар.

Аудан тұрғындарының 30 пайызы бұқаралық спортпен айналысады. Енді мұнда зияткерлік ойындарды қалайтындар да келіп, уақыт тиімді өткізе алады. Ол үшін нысаның екінші қабатында дойбы, шахмат пен тоғызқұмалақ ойнайтындарға арналған кабинет жасақталған.

Дильназ Ибрагим:


– Мен ойнауды жақсы белемін. Аудандар өтетін конкурстанрда жеңгем.


Арлан Мағзам:


–  Мен шахматты 6 жастан бастап ойнаймын. Ой-өрісіңді жақсы дамытады. Енді осы жылы, жарық жерде айналысатын боламыз. Нысаның ашылғаны жақсы болды.

Ал жуырда аудан орталығында жекпе-жек үйірмесі ашылыпты. Оған жаттықтырушыны арнайы Петропавлдан шақыртқан.

Айбас Оңқаев – Уалиханов ауданыың ММА-ден жаттықтырушысы:

– Мені осында шақыртып, жағдай жасады. Үй берді. Жалақым жақсы. Қазір балғындарды жаттықтырып жүрмін. Даңқты спортшылардың барлығы ауылдан шығады ғой. Сондықтан мұнда да болашағынан зор үміт күттеретін балалар жетерлік. Өзім бұл спорт түрімен 15 жыл айналысамын.

Тағы Наурыз мерекесі қарсаңында аудан орталығында автобөлшектер саудалайтын дүкен ашылыпты. Саудасы қызу жүріп жатқан Батырбек Даиров кәсібін ашуға 6 млн теңге қаржы жұмсаған.

Батырбек Даиров – «Жалғас» ЖК жетекшісі, Уәлиханов ауданы:

– Кәсібімді өз қаржыма аштым. Мұнда Камазға қажетті барлық бөлшектерді табуға болады. Бұрын шаруалар оларды алуға қалаға баратын. Жыл соңына дейін тағы техникалық бақылау станциясын ашуды жоспарлап отырмын.

Жалпы жыл басталғалы ауданда 25 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі ашылған.

Мағжан Ахмадина