Білім

Ұлыстың ұлы күнін М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ұжымы ұлықтады

Құрақ-көрпелер, майлы дастархан, “сылқылдаған саусақтар мен былқылдаған буындар”. Тіл және әдебиет институтының ұжымы университет ректоры бастаған құтты қонақтарын қара жорғамен қарсы алды.

Қазақтың қонақжайлығын байқамау мүмкін емес мұнда. Дастарханға наурыз көжеден бастап бесбармаққа дейін астың түр-түрі қойылған. Ұлттық тағамдардың бәрі шын көңілмен, таза пейілмен әзірленген.

Айсұлу Шәйкенова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ “Журналистика” кафедрасының меңгерушісі:

–  Әр Наурыз өздігімен ерекше. Өзімізше, студенттердің бойларына сіңіре отырып қарсы алуға тырысамыз. Жаңа жыл құтты аяғымен кірсін!

Ал жаратылыстану және ауыл шаруашылығы ғылымдары факультетінің ауылы құтты қонақтарға “беташар” салтын паш етті.

Кейін тепсе темір үзер жігіттеріміз арқан тартысты. Мұнда би де биленді, ұлттық ойындар да ойналды. Бір сөзбен айтқанда, бұл факультет ұйымдастырған мейрам ұлттық әдет-ғұрпымызға сай өтті.

Жанна Шентемір – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:


– Барша қазақ елін құттықтаймын! Мейрамға ұзақ дайындалдық. Барлығы студенттер және оқытушылардың күшімен жасалды. Наурыз тамаша өтті.

Манадан бері “құтты қонақтар” деп жатқанымыз – конкурстық комиссия екен. Басы-қасында ректор – Серік Өмірбаевтың өзі жүр. Оқу ордасының атқа мінерлері биыл Наурызды тойлау үрдісін байқауға айналдырған. Өзгелерден ерекше етіп, әз Наурызды сән-салтанатымен тойлағандарын сыйақы күтіп тұр.

Серік Өмірбаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректоры:


– Жеңімпаз факультет қаржылай сыйақымен марапатталатын болады. Салт-дәстүрлердің дұрыс орындалуы, дастарханның байлығы мен мейрамға сай болуы және басқа да критерийлер бойынша бағалаймыз. Биылғы Наурыз ерекше көңілді өтуде, сондықтан болашақта осындай форматты сақтамақпыз.

Жергілікті ЖОО-да 7 факультет болса, олардың бәрі шараға белсенді ат салысты. Байқау екінші кезекте дейді жерлестеріміз, бастысы – мерекелік көңіл-күйге бөленіп, ұлттық әдет-ғұрыптарымызды ұлықтауға жақсы мүмкіндік туды.

 

Саят Ермек