Қоғам

Ұлыс күнін ұлттық салтқа сай атап өтетін отбасы

Саят Ермек – тілші:


– Ұлыстың ұлы күні әр отбасы дастархан жайып, қонақ қабылдауға даяр болуы тиіс. Есік қаққан әрбір мейманды тойдырып жіберу мерекеде – міндет. Ғасырлар өтсе де қазағымыз бұл дәстүрге берік-ақ. Дәлел сұрасаңыз, өңіріміздегі іргелі отбасылардың біріне әз Наурызда құдайы қонақ болып біз де бас сұқтық.

Есік алдынан бізді Орынша әжей бетмізден сүйіп қарсы алды. Жасы 70-ке таяса да, отанасы даладағы ошақ басында мейрамның басты тағамы – наурыз көжені әндетіп тұрып әзірлеп жатыр екен.

Су, тұз, айран мен сүт, арпа мен күріш және қазы. Қазақы дәстүрге сай кейуана наурыз көжесін 7 дәм қосып пісіруде. Отау иелері – Ермек ата мен Орынша апайдың төрт ұлы, осынша келіні бар. Кенжесі Айгерім ас үйде шыр көбелек айналып жүр. Бауырсағын жайып, тағы бір ұлттық тағамымыз – жентті әзірлеп жатыр. Үй шаруасын ұршықтай иіретін тәжірибелі келін бүгінге дейін білген-түйгенімнің бәрін қайын енем үйретті дейді.

Айгерім Қожахметова – Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:


– Ата-енеммен бірге тұрамыз. Наурызды жылда салт-дәстүрге сай дастархан жайып қарсы аламыз, қонақ қабылдаймыз. Қызымды да жастайынан осыған баулимын.

Отағасы мен отанасының көз қуаныштары – немерелері Аружан мен Арсұлтан да қол қусырып отырған жоқ. Дастархан жайып, құрақ-көрпелерді төсеп, үйдегілерге барынша қолғабыс етуде. Ал бұл шақта ошақ басында жүрген әжейіміз бауырсақ пен бәрәміш пісіруге көшкен екен. Қып-қызыл бауырсақтарды еппен шарашыққа түсіріп жатқан ол, ас-ауқаттың бәрі қонақтарға дейді. Ал олар мейрамда міндетті түрде болады.

Орынша Байбатырова – Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:


– Қазақтың Наурызын ерекше қарсы аламыз. Ұлттық тағамдарды пісіреміз. Қонаққа балалар, көршілер, замандастар келеді.

Саят Ермек – тілші:

 

– Ет етке, сорпа бетке! Қазақтың ешбір тойын, ешбір мейрамын бесбармақсыз елестету мүмкін емес. Наурызда да халқымыз қыстан қалған қазы-қарта, жал-жаясын қонақтарына ұсынған.

Ұлттық әдет-ғұрыптан әрі аттамаған, салт-дәстүрге берік Мұқановтар отауының есігі мейрамда бәріне ашық. Немерелер, келін-балалар, көрші қолаң мен жора-жолдастар баршасы – мерекелік бай әрі майлы дастархан басына жиналып, Ұлыстың ұлы күні наруыз көже ішіп, астан дәм татып, әңгіме дүкен құрысады. Қазақтың қос ішекті домбырасы да күмбірелейді бұл күні.

Саят Ермек