Қоғам

Қала аулаларында Наурыз мерекесіне дайындық жүруде

Наурыздың 21-інде бұл жерде Уәлиханов және Шухов көшелерінің қиылысындағы үйлердің 700-ге жуық тұрғынына арналған үлкен мерекелік шара өтпек. Сол себепті, маңай ретке келтіріліп, мейрамға әзір болуы тиіс.

Юлия Андроненко – “Рахат үй” ПИК төрайымы:

– Наурыздың 21-і сағат 12:30-да біздің салтанатты шарамыз басталады. Аулада, киіз үй орнатып, мерекелік дастархан жаямыз. Әз наурызды тойлауға келетіндерді қызықты бағдарлама күтіп тұр. Барлық қала тұрғындарын мерекені бізбен бірге атап өтуге шақырамыз.

Осы ауладағы мерекеге ат салысатындардың қатарында даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 1 арнайы (түзету) мектеп интернатының ұжымы дабар. Қазір балғындар жиналғандарға арнап концерттік бағдарлама әзірлеуде.

Мына бөлмеде де жұмыс қызу жүріп жатыр. Сырмақ, түндік, түс киіз, көрпе, текемет сияқты киіз үйдің құрал-жабдықтарын мектеп ұжымы небәрі 1 жұма ішінде тігіп шыққан. Қазір олар соңғы элементтерін аяқтауда. Сонымен қатар, мерекеге орай аталмыш білім ұясы бауырсақ пен қазақтың ұлттық тағамы – наурыз көжені әзірлемекші.

Анар Нұрғожина – директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары:

– Барлық ұжым болып, ертеңгі наурыз мерекесін қарсы алуға дайындалып жатырмыз. Аулаға алтыбақан орнатамыз. Концерттік бағдарлама мен спорттық ойындарды әзірледік. Сол жерде палау пісіреміз. Қарттар мен балаларға бауырсақ таратып, наурыз көже береміз.

– Ұлыстың ұлы күні – әз наурыз мерекесінің басты көркі – киіз үй. Оны қазір 1 арнайы түзету интернатының ұжымы мерекелік салтанатқа сай жабдықтауда. Айта кететіні, ұлттық қоныстың қаңқасын аталмыш білім ұясының еңбек мұғалімі өз қолымен құрастырған.

Білім ошағында 4 жыл еңбек етіп келетін Серхан Батай бұл киіз үйдің қаңқасын 1 айда дайындағанын айтады. Ал Умед Каюмовтың кәсібилігі Ұлыстың ұлы күнінде сынылмақ. Ол мейрамда жиналған жұртшылыққа палау әзірлейді. Көңілі кең, мейірімді жан жұмысшы кентінің 150-180 тұрғынын осы тағамнан дәм татырмақ.

Умед Каюмов – “Каюмов” ЖК директоры:

– Міне Наурыз мерекесі де келіп жетті. Қаламызда түрлі ұлт өкілдері тұрып жатыр. Солардың басын қосып, пайдалы іс жасауды жөн көрдім. Палау әзірлеу үшін 10 келі ет, 15 келі сәбіз, сонша келі күріш және 4 келі сарымсақ дайын. Оңтүстіктен арнайы мақта майына тапсырыс та беріп қойдым.

Жеке кәсіпкер Умед Каюмов осындай шараны алғаш рет ұйымдастырып отыр. Енді азамат бұл істі дәстүрге айналдырмақ.

 

Молдир Макишева