Аптадағы маңызды жаңалықтар

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ СҚО әкімдігімен өзара ынтымақтастық жөнінде меморандум жасасты

ІТ технологияларды меңгеру мен оқушылардың функционалдық сауатылығын арттыруға да ерекше мән беріле бастады. Шет тілдерін меңгеру басты орынға шықты. Аталған шаруаны еліміздегі Назарбаев Зияткерлік мектептері табысты жүзеге асырып келеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


– Озық технология, озық білім десек бірінші кезекте Назарбаев Зияткерлік мектептері туралы айту керекпіз. Биыл аталмыш оқу ордасына 10 жыл толады екен. Осы мерзім аралығында Назарбаев Зияткерлік мектебінің мыңдаған түлегі дамыған мемлекеттердің алдыңғы қатарлы ЖОО оқып, бүгінде ел дамуына үлес қосып жүрген шығар.

ІТ-медик, биоэтик, агрокибернетик. Болашақта осы сынды мамандықтар кең сұраныста ие болады. Ақылды роботтардың дәурені туады. Тиісінше, сандық технологияны жетік меңгергендер еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие болмақ. 2025 жылға қарай әлем экономикасының 46 пайызы цифрлендіріледі деп болжануда.

Күләш Шәмшидинова – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ААҚ басқарма төрайымы:


– Жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты еңбек нарығындағы мамандықтар өзгеріп жатыр. Адам үнемі сұраныста болу үшін оған математикалық сауатылық керек, ғылыми сауатылық керек.

Кәсіпорындардың жұмысы автоматтандырылып, адамның орнын роботтар алмастырғанда қысқартуға легіп қалған еңбеккерлер басқа кәсіп түрін жылдам меңгеріп, тығырықтан шыға алуы қажет. Сондықтан, Күләш Шәмшидинова балаларға мектеп қабырғасынан бастап кәсіпкерлік негіздерін үйрете бастаудың маңызы зор дейді.

Күләш Шәмшидинова – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ААҚ басқарма төрайымы:


–  Мектеп қабырғасынан бастап балаларға өз ісін ұйымдастыру дағдыларын қалыптастыра бастау керек. Ол тұрғылықты жеріндегі проблемаларды біліп, соған орай әрекет ету керек. Жоғары сұранысқа ие, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға тырысу керек.

Жиын барысында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ облыс әкімдігімен өзара ынтымақтастық жөнінде меморандум жасасты. Өйткені, болашақта бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеп шығу – баршаға ортақ міндет.

Күләш Шәмшидинова – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы:


– Әкімшіліктегі азаматтар да білім сапасының өзгеріп жатқандығын түсінгені бізге өте қажет. Ертең олар мектепті қаржыландыру мәселелерін басқаша қарайды. Мектептердің проблемаларына бей-жай қарамайды.

Келешекте жалпы білім беретін ошақтардың деңгейін Назарбаев зияткерлік мектептерімен теңестіру міндеті тұр. Сөз соңында Құмар Ақсақалов шетелдік оқушыларды Қазақстанға шақыру идеясын да ұсынды. Себебі отандастарымыз өзге елдің азаматтарымен араласса, білім көкжиектері кеңейіп, әрі шет тілдерін де жетік меңгермек.

Берік Қасен