Денсаулық сақтау

Өткен жылдың 1 қазанынан 27 мың теріскейлік ЖРВИ мен 110-нан астам тұмауды жұқтырған

Мәселен, өткен аптада 26 теріскейліктен аталған вирус анықталған. Бұл аурудың әзірге ең көп тіркелген кезеңі екен. Бұған қарамастан, өңірдегі эпидемиологиялық жағдай бірқалыпты дейді облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары.

Фарида Мұхамеджанова – СҚО Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы:


–  Тұмаумен ауырғандардың саны ағымдағы эпидемиологилық кезеңде айтарлықтай төмен. Бүгінде тек 110-нан астам жағдай тіркелді. Былтыр болса, бұл көрсеткіш 300-ден асқан. Сондай-ақ, биыл жедел респираторлық вирус инфекциясының белгілерімен дәрігерлер көмегіне 27103 адам жүгінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға төмен.

Тұмаудан қорғанудың бірнеше жолы бар. Жерлестеріміздің бірі дәстүрлі емес медицинаны таңдаса, өзгелері вакцинация жасайды. Осылайша, 1-ші қазаннан бастап 70 мыңнан астам солтүстікқазақстандық тұмауға қарсы тегін екпе алған. Бірақ бұл теріскейліктердің тек 12,6 пайызын құрайды. Ал, вацинаны ақылы түрде бар-жоғы 163 адам еккізген екен.

–  Жолдасым да, балаларымыз да екпе алды. Әлі ауырған жоқпыз.

–  Отбасымызбен вакцина алдық. Ауырсақ, қойдың майын жағып, денемізді қыздырамыз. Жақсы көмектеседі.

Ал жедел респираторлық вирус инфекциясын болса ересектерден гөрі 14 жасқа дейінгі балалар жиірек жұқтырады екен. Мәселен, 26 ақпаннан 5-ші наурызға дейін №1-ші қалалық емханаға 669 жеткіншек қабылдауға келген. Ал, ағымдағы айдың 6-ы мен 13-і аралығында науқастардың саны екі есеге дейін артыпты.

Марина Воробец – №1-ші қалалық емхананың педиатрлық учаскесінің меңгерушісі:

– Негізінде балалар дене қызуы, жөтел мен әлсіздік сынды белгілермен келеді. Мерекеден кейін қабылдауға келгендердің саны 60-қа дейін жетті. Бұл күндері дәрігерді үйге шақырту да көбейді. Мәселен, 1 учаскеге 10-нан астам қоңырау түскен.

Емдеу мекемесіне келушілердің арасында вирустың кең таралуын болдырмау мақсатында №1-ші қалалық емхананада зарарсыздандыру спрейлері орнатылған бұрыштар ұйымдастырылпты. Мұнда медициналық маскаларды да тегін алуға болады.

Светлана Давыдова -№1-ші қалалық емхананың эпидимиолог дәрігері:

–  Облыс орталығында бірнеше жыл қатарынан эпидемиологиялық қадағалау барлауы жұмыс істейді. Олардың қатарына біздің емхана да кірді. Апта сайын біз науқастарға барып, ауыз қуысынан жағынды аламыз. Кейін сынамалар лабораторияда тексеріледі.

Эпидемиологиялық кезең басталғалы қадағалау мамандар 65 науқасқа барып, жағдайын тексерген. Олардың тек үшеуінде ғана тұмау вирусы расталыпты.

 

Эльмира Садвокасова