Ауыл шаруашылығы

Өңірдің электронды картасы әзірленіп жатыр

Онда өзен-көлдер, жолдар, ормандар мен батпақты жерлер және алқаптар анық бейнеленген. Тіпті, мамандар заманауи үлгідегі картада өлкеміздегі топырақтың сапасы туралы ақпаратты да көрсетіпті.

Дәурен Жұматов – СҚО бойынша “Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру” департаменті бөлімінің жетекші маманы:


–  Бұл электронды картада топырақ туралы көп ақпарат бар. Мысалы топырақтың аты, қай жерлерде қандай топырау, сортанданған, тұздалған топырақтың барлығы осы кесіндемеде бар.

Топырақтың сапасын анықтау үшін мамандар өңіріміздің түкпір-түкпіріне іс-сапар жасайды. Мәселен, өткен жазда Дәурен Жұматаев бастаған қызметкерлер 4 рет аудандарға шығыпты. Онда олар жұмалап жатып жұмыс атқарған. Іс барысында жерлестеріміз жерді 1 метр 20 см-ге дейін қазады екен. Кейін, әр қабаттан топырақтың бір бөлігін алып отырады. Бұдан соң, оны қаламызға әкеліп зертханада сынама жасатады. Осылайша әр үлгінің сапасын анықтайды. Топырақтың құнарлылығын білудің маңызы зор дейді мамандар.

Дәурен Жұматов – СҚО бойынша “Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру” департаменті бөлімінің жетекші маманы:


–  Бұл карта ауыл шаруашылығы мамандарына өте тиімді. Өйткені, олар осы карта арқылы өздеріне қажетті жер жайлы ақпарат ала алады. Кейін, сол бойынша жұмыс атқаратын болады.

Сараптамалардың нәтижесі көрсеткендей, Айыртау ауданының топырағы ең құнарлы екен. Аталған өлкеде бонитет балы 50,6-ны құраған. Ал, Жамбыл ауданындағы алқаптарды былтырғы жазда Әлихан Жүнісов тексеріпті. Маман Мирный елді мекенінің маңындағы топырақты жіті тексеріп, аумақты электронды картаға түсірген екен.

Әлихан Жүнісов – СҚО бойынша “Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру” департаменті бөлімінің маманы:


–  Өте құнарлы топырақтар қоңыр түспен көрсетілген. Ормандар қызыл түспен бейнеленген.

Айта кетейік, теріскейдің электрондық картасы 2017-2021 жылдарға арналған “Агроөнеркәсіп кешенін дамыту” мемлекеттік бағдарламасы аясында жасалуда. Кескіндемеге әзірше өңір аумағының 374 мың гектары түсіріліпті. Биыл тағы 600 мың гектар жердің негізгі көрстекіштері электронды түрде қолжетімді болады.

Байболат  Култанов