Спорт

Облыс орталығында Республикалық қысқы Перезиденттік көпсайыс бастау алды

Жамболат Ахметов – бас төреші:

– Бұл сайыс 16-шы спартакиада аясында ұйымдастырылып отыр. Қатысушылар алдымен іріктеу кезеңінен өтті. Кейін ең мықтылары Республикалық сайысқа қатысуға мүмкіндік алды. Қысқы Президенттік көпсайыста әр команда пневматикалық винтовкамен нысанаға оқ ату, күш гимнастикасы және шаңғымен жүгіруден бақ сынасады.

Теріскейлік ҰҰ Әскери институтының командасы жыл сайын үздіктер қатарынан көрініп тұрады. Бүгін ҚР туын көтеру мәртебесі де осы құрамаға бұйырды.

Ашылу салтанатынан кейін әскерилер жарыс өтетін орынға аттанды. Алғашқы сайыс – пневматикалық винтовкамен нысанаға оқ ату. Қатысушылар 10 метр қашықтықтан 10 нысанды дәл атулары керек. Жеңіс Жайлыбаев бұл тапсырманы ойдағыдай орындап шығатынына сенімді. Өйткені, 24 жасар азамат көздеп ату сындарына бірнеше мәрте қатысып үлгерген. Оның үстіне бүгінгі сайысқа Жеңіс 2 ай көлемінде дайындалыпты.

Жеңіс Жайлыбаев – жарысқа қатысушы:

– Мен Орталық 6505 әскери бөлімінің намысын қорғаймын. Бұл жарысқа 5-ші жыл қатарынан қатысып келе жатырмын. 2014 жылы Президенттік көпсайыста чемпион атандым. Сондықтан бүгін де жақсы нәтиже көрсетемін деген ойдамын.

“Құралайды көзге атар мергендіктерін” танытқан соң, әскерилер күш гимнастикасында білгендерін ортаға салды. Жергілікті Әскери Институт құрамасының спортшысы Мақсат Нүсүпов қазір мына белтемірде күшін сынап көрмек.

Мақсат Нүсүпов – жарысқа қатысушы:

– Өзімізде іріктеу жұмыстары өтті. 2 ай бойы жаттығу жұмыстары жүргізілді. Осы жарыста тартылу мөлшерін арттырамын деген ойдамын.

Жалпы аталмыш сайысқа 40-қа жуық спортшы қатысуда.

Тогжан Акмагамбетова