Аптадағы маңызды жаңалықтар

Аймақ басшысы шаруа бітірмей жүрген қол астындағы мамандарды жұмыстан шығармақ

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  2008-2013 жылдары Петропавл жылу желілерінің директоры болып жұмыс істеді. Сондықтан, білімді маман деп есептеймін.

Бұдан кейін өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму ахуалы сөз болды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өңдеу өнеркәсібі мен азық-түлік шығару көлемі артыпты, ал машина жасау және тау кен қазу қарқыны керісінше төмендеген. Көңіл көншітпейтін көрсеткіштер ауыл шаруашылығы саласында да жетерлік.

Марал Нұржаупова – СҚО статистика департаментінің басшысы:


– 2018 жылдың қаңтар-наурызындағы жалпы ішкі өнімнің өсуі 11 ауданда байқалады. Ал, Мамлют ауданында болса, жағдай мүлдем басқаша. Олардағы бұл көрсеткіш 13,4 пайызға төмендеген. Тұрғындардың қолындағы малдың сойылуы 20, ал шаруа қожалында 7,8 пайызға азайды. Бұған қоса, сүт пен жұмыртқаның шығарылуы да ақсап тұр.

Бұл аталған өлкеде туындап отырған жалғыз мәселе емес. Мамлют ауданы әкімінің сөзінше, ұн тарту кәсіпорына келіп түскен тапсырыс аз болғандықтан оны шектен тыс өндірудің қажеті туындамаған. Жастілек Сыздықов серіктестік басшысымен жеке кездесу өткізіп, бұл турасында сөйлестім деп отыр.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Жай ғана қабылдауға шақырып қоймай, көмектесу қажет. Егер бұл ауданда бір жыл бойы өндіріс саласы ақсап тұрса, бұл жағдайды түзеуге әкімдік қызметкерлерінің уақыты болды деп есептеймін. Жүйелі шараларды қолдану керек. Ағымдағы айды қалай аяқтайтындарыңызды көрерміз. Сіздің әкім ретіндегі жұмысыңызға кірісуіңіз ұзаққа созылып кетті.

Ал, Тайынша ауданының әкімі Владимир Дудов ет пен сүт өндірісінің төмендеуін ірі қараның әлі төлдемегенімен түсіндірді. Бұл ретте аймақ басшысы проблеманы ашық айтып, ойға қонымсыз сылтауларды айта бермеулерін ескертті. Инвестицияға келер болсақ, мұндағы жағдай да көңіл көншітерлік емес. Сондықтан, барлық аудандардың басшылары жеке инвесторларды іздегені жөн.
Жалпы, ағымдағы жылдың бастапқы екі айындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсы. Дегенмен, ел көрсеткішімен салыстыратын болсақ, оны әлі де арттыру қажет. Жиында сөз болған тағы бір өзекті мәселе – бағаның шарықтауы. СҚ-да ТҮКШ-дағы тарифтер, дәрі-дәрмек пен киімнің құны өскен.

Құралай Жарова – СҚО туризм және кәсіпкерлік басқармасының басшысы:


–  Күріш, күнбағыс майы, қияр мен қызанақтың бағасы тікелей логистикаға жұмсалатын шығынға байланысты. Бұған қоса, олар маусымдық өнім болып табылады. Алайда, 1-ші сұрыпты ұн, қарақұмық пен жұмыртқаның құны керісінше төмендеуде.

Аудан әкімдері күнделікті базардағы азық-түлік құнына мониторинг жүргізіп, оның шарықтау себебін анықтаулары қажет. Себебі, елді мекендерде өндірілетін тауарлардың өзі қаладағы бағамен салыстырғанда қымбат болып отыр.

Кұмар Ақсақалов СҚО әкімі:

– М.Жұмабаев ауданында бір литр сүт 228 тенге тұрса, қаладағы оның бағасы 186 тенге. Булаев сары майы – 2195, қалада 1850 теңге тұрады. Оны өздеріңіз өндіріп, тұрғындарыңызға қымбатқа сатқандарыңыз қалай? Бұны қалай түсіндірмексіздер.

Алайда, аудан әкімдерінің қолындағы бұл сандар мүлдем басқаша болды. Олар азық-түліктің қымбаттамағанын айтып, ағынан жарылуда. Бірақ, тауарлардың құны жазылған статистиканы облыстық басқармаға өздері дайындапты. Алдағы уақытта бағаны негізсіз көтеретіндер айыппұл төлемек.

Кұмар Ақсақалов СҚО әкімі:

–  Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын негізсіз өсіретін кәсіпкерлерге айыппұл төлетеміз. Бірінші рет – 400 мың тенге. Тағы да қайталанатын болса, оның көлемі екі есеге артады.

Жиында қаралған келесі мәселе – жергілікті бюджеттің орындалуы. Қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Наталья Дышканттың сөзінше, әзірге айтарлықтай проблема жоқ. Екі ай ішінде денсаулық сақтау, құрылыс басқармалары, ІІД және М.Жұмабаев, Ақжар, Тимирязев пен Тайынша аудандары қаражатты игеріп үлгермеген.

Кұмар Ақсақалов СҚО әкімі:

–  Бөлінген қаражаттың игерілуі 99,9 пайыз болуы керек. 2017 жылдың қорытындысы бойынша бюджеттің орындалмауының салдарынан 7 мемлекеттік қызметші жауапқа тартылды. Бұл тізімде аудан әкімдері мен басқарма басшылары да бар. Егер олар биыл да жұмысын тиісті деңгейде атқара алмаса, олар жұмыстарынн қуылатын болады.

Ағымдағы айдың 15-ші жұлдызынан бастап өңірде Наурызды тойлау басталады. Бүгінде мерекелік бағдарлама әзірленіп, өткізілетін алаңдар белгіленді. Бұған қоса, облыс бойынша бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандардың таспасы қиылмақ. Наурыздың 17-сі облыс орталығында республикалық ақындар айтысы өтті. Жеңімпазға су жаңа автокөлік сыйға тартылмақ. Жалпы наурыздың 15-і мен 23 аралығында 30-дан астам ауқымды шара өткізу жоспарда бар. Өңірде спорттық жарыстар, мерекелік концерттер ұйымдастырылады. Ал, петропавлдықтар мейрамды 4 басты алаңда және аулаларда қарсы алмақ.

Кұмар Ақсақалов СҚО әкімі:

– Байқап жүргеніміздей, тұрғындар мерекелік бағдарламаны тамашалап қана тұра береді. Олардың шараға қатысуын да қарастыру қажет.

Ал, наурыздың 20-сы көпбалалы отбасылар мен мүгедектерге көмек ұйымдастырылуы қажет. Тағы Құмар Ақсақалов бұл күні жұмыс істеу уақытын қысқартып, түстен кейін мерекені ұжым арасында атап өтуді ұсынды.

Эльмира Садвокасова