Мәдениет

Петропавлда Халықаралық әйелдер күніне арналған концерт өтті

Қылықтары мен тілдері тәтті, өздері сүйкімді балғындардың образын сомнадаған жандар жиналған қауымның езуіне еріксіз күлкі ұялатты.

Фархат Молдағали – С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының режиссері:


–  Мерекелік кеш 1 сағат 30 минут көлемінде болады. Осы уақыт ішінде нәзік жандыларға өзіміздің лебізімізді білдіріп қалсақ деген ниетіміз бар.

Мерекелік шарада ән де шырқалды. Әсіресе, аяулы аналарымыздың құрметіне арналған әуезді әуен ырғағы әрбір көрерменің көңілін тербетті.

Бұнымен театр труппасының көрерменге арнаған тартуы аяқталған жоқ. Сахнада тағы бір көңілді қойылым сахналанды. Қос қарақшы банк тонамақ болады. Олардың қатарына полицей, кәсіпкер мен сол қаржы ұйымының күзетшілеріне бәліш сатып жүрген әжей де қосылады.

Алайда, қарақшылар ұрлық жасайтын күнді белгілей алмай, ақыры ойларын жүзеге асырайды.
Мерекелік кеште нәзік жандылар да қалыс қалмай өз өнерлерін паш етті. Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері флешмоб биледі.

Бұл топтың құрамында түрлі саланың тұтқасын ұстаған жандар бар.

Бахытжан Сәмиева – СҚО іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы:


–  Шараға 1 апта көлемінде дайындалдық. Тобымыздың дені кәсіпкерлерден тұрады. Оған қоса мұғалімдер, тәртіп сақшылары мен мемлекеттік қызметшілер бар. Осы өнерімізбен нәзік жандылардың қоғамдағы белсенділігін тағы бір дәлелдегіміз келді. Биіміз көпшіліктің көңілінен шықты деп ойлаймын.

Көрермендер концерттен мол әсер алғандықтарын жасырмады.

– Ауылдан келіп едім балалар концертке алып келді. Кеш ұнам жатыр. Өте тамаша.

 

– Театр ұжымы жақсы дайындалыпты. Көзімізге жас ұялататындай өлеңдер оқуда.

Жалпы, мерекеде әйелдер қауымына арналып 20-ға тарта ән мен би орындалды.

Байболат Бектемірұлы