Қоғам

Теріскей топырағында өскен қызғалдақтар

Саят Ермек – тілші:


– Шеткі қатарға егілген гүлдердің бұл тұқымы “Барселона” деп аталады. Классикалық сары және қызыл қызғалдақтарға қарағанда оның түсі ерекше – ашық қызғылт.

Алайда, теріскейдің ызғарлы климатында бұл нәзік өсімдіктерді баптау – тауқыметті шаруа. Қызғалдақтар сонау қыркүйек айында егіліпті. Желтоқсаннан бері жылыжай іші көмірмен жылытылуда. Онымен қоса, гүлдер күніне кем дегенде бір рет суарылады. Жарықты да тиісті мөлшерде түсіріп, жылыжай ішінде қалыпты температураны ұстап тұру шарт.

Раджап Алиев:


– Бадананы тік орнату керек, оны көмерде топырақты қалдықтардан тазарту шарт. Жұмысымыз тағы 6-да басталып, кешкі тоғызда аяқталады. Кәсібіміз өзімізге ұнайды.

Биылғы маусымда жерлес бағбандар Еуропадан арнайы жеткізілген қызғалдақтың 60 мың баданасын егіпті. Олардың 15 пайызы, өкінішке орай, жерсінбеген. Қалғандары облыс былай тұрсын, еліміздің нәзікжандыларына шаттық сыйламақ. Мәселен, жүк көлігіне тиеліп жатқан қызғалдақтардың бұл партиясы бірнеше минуттардан соң Астанаға жол тартады. Теріскейде бапталған гүлдердің 13 мың түбі мерекеде елордалық нәзікжандыларды қуантатын болады. Кәсіп иелері солтүстік топырағында өскен көктем көркіне ел бойынша сұраныс жоғары екенін айтады.

Аспандияр Алиев – “Алиев” ЖК басшысы:


– Қарағандыға, Елордаға жібереміз. Солтүстіктің нәзікжандыларына да гүлдер жетеді.

Сүйіктісін, анасын не әпке-қарындастарын қуантуды көздегендер кыр гүлі қызғалдақтарды Бескөл ауылындағы “Рай” дүкенінен, не шаһардағы 9 дүңгіршектің бірінен сатып ала алады. Тек ұсынған кезде гүлдердің теріскей топырағынан нәр алып өскенін ескертуді ұмытпаңыздар.

Саят Ермек