ТЖ

Өңірде тасқын судың алдын алуға бағытталған “Көктем-2018” оқу-жаттығу жиындары басталды

Евгений Глотов – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:


– Біз үшін көктем мезгілі – үлкен сынақ. Сол сынақтан сүрінбей өту үшін сіздер кез-келген жағдайдарға дайын болуларыңыз шарт. Тасқын су өте қауіпті. Ертең қиындыққа ұшыраған әр азаматтың өмірі мен мал-мүлкін аман сақтау үшін бүгін ауқымды жұмыс жасауларыңыз керек.

Шаһардағы “Көктем-2018” оқу-жаттығу жиындары Ой қаладан бастау алды. Себебі бұл аумақ дәл Есілдің бойында орналасқан. Мұнда құтқарушыларға берілген арнайы тапсырма бар.

Владимир Хутинаев – Петропавл қалалық ТЖБ басшысының міндетін атқарушы:


– Алдын-ала дайындалған сценарий бойынша, Есіл өзені арнасынан шығып, Ой қаладағы екі көшені қызыл су басып жатыр. Оқиға орнына лезде ІІД мамандары жетіп, қоғамдық тәртіпті қадағалауда. Аумақ бойынша патрульдік көліктер тұрғындарға төтенше жағдайдың орын алғанын хабарлап, екі автобус азаматтарды көшіріп жатыр. Адамдарды қауіпсіз жерге шығарған соң, апатты тоқтату керек.

Алдымен тасқын су жайылып жатқан жерге “Комунхоз” серіктестігінің техникасы келіп, дамбаны бекітіп жатыр. Ал 6637 әскери бөлімінің 60 сарбазы балшық толы қаптардан қабырға тұрғызуда.

Қызыл су тоқтатылған соң, “Қызылжар су” серіктестігінің мамандары мен 3 бірлік техникасы тасқын басып үлгерген баспаналардың аулаларынан суды сорып алды. Осылайша апат толғымен ауыздықталып, тапсырма орындалды. Екінші жаттығу орны – Заречный кентінде. Өткен маусымда бұл аумақтағы 30-дан аса баспананы қызыл су шайған. Бүгінгі жаттығудың сценарийі бойынша былтырғы жағдай қайталанып отыр. Алғашқы міндет – жапа шеккендерді қауіпсіз жерге көшіру. Осы мақсатта ТЖД үш бірдей арнайы көлігі кент бойынша топан су құрбандарын эвакуациялауға шықты.

Саят Ермек – тілші:


– Баспаналарын су басқан Заречный кентінің тұрғындары №13 орта мектепке жиналады. Бұл мекенді олар тасқын судың беті қайтқанша паналайды. Бір уақытта бұл эвакуациялық пункт 50-ге жуық адамды қабылдауға қауқарлы. олар үшін мұнда жатын орын, ішер тамақ, бір сөзбен айтқанда, қажетті жағдайдардың бәрі жасалған.

Тек кереует іздестірмес бұрын жиналу пункітіне кіре берісте тіркеліп алған жөн. Бұл жұмыс білім ошағының мұғалімдері мен қызметкерлерінің мойнында.

Бауыржан Жүнісов – №13 орта мектептің директоры, Заречный кенті:

– Кентті қызыл су басса, тұрғындар осында келу керектігін біледі. Қызметкерлеріміздің де машықтары қалыптасқан. Себебі былтырғы апаттарда біз мұның бәрінен өттік. Егер, тасқын келіп жатса, онда атқарар жұмысымызды жақсы білеміз.

Құтқарушыларға қойылған бұл тапсырма да жоғары деңгейде орындалды. Жаттығулардан шынайы өмірге ауыссақ, биыл өңір аумағын былтырғыдай қызыл су баса ма жоқ па оны ешкім дөп басып айта алмай отыр. Себебі, бұл маусымда түскен қардың көлемі әдеткі мөлшерден төмен. Былғары зауыты кентінде алып дамба да бой көтерді. Десе де, кез келген апаттық жағдайларға сақадай сай болу – міндет. Штабтық оқулардың мақсаты да осы – құтқарушыларға өз міндеттерін абыроймен атқаруға серпін беру.

Саят Ермек