Балалар

Петропавлда терроризм мен діни экстремизмнің алдын алу бағытында дәріс өтті

Облыстық ІІД экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері өңір аумағында діни ахуалдың тұрақты екендігін айтады.

Руслан Тілемісов – СҚО ІІД экстремизмге қарсы басқармасының бөлім басшысы:

– Теолог мамандар адамның сыртқы келбеті мен өмірге деген көзқарасына қарап, олардың бейтаныс дінге қатысы бар-жоғын анықтай алады. Үстіміздегі жылы біз миссионерлік қызметпен заңсыз айналысқан облыс орталығының тұрғынын құрықтадық. Ол заңсыз түрде тұрғындарға лаңкестікке үндейтін парақшалар таратқан. Оған 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

Қауіпті ағымдардың құрығына көп жағдайда оңды-солын танып үлгермеген, діни сауаты жоқ жастар ілігіп жатады. Дегенмен, басқосуға қатысқан жергілікті колледждердің студенттері, діни білім алуда сақтық танытып, теріс жолға түсуге үгіттейтін бейтаныс адамдардан бойды аулақ ұстау керектігін жақсы біледі.

Алена Горшкова – Машина жасау колледжінің студенті:

– Өз басым теріс миссионерлік қызметпен шұғылданатын адамдарды көзіктірмедім. Террризм мен экстремизмді ешбір дін қолдамайды. Қатарластарыма айтарым – қоғамдық орындарда халыққа түсініксіз парақшалар тарататын жандардан аулақ жүрген жөн.

Тәртіп сақшылары қоғамға қатер төндіретін теріс ағымдардың қаупі жайлы дәрістерді өңір аудандарында да жиі өткізбек ниетте.

 

Бахыт Садвакасов