Денсаулық сақтау

Алғыс айту күні облыстық перинаталдық орталықта 11 нәресте өмірге келген

Тәп-тәтті болып ұйықтап жатқан Мәриямнан анасы Аягөз Құсайынова көз алар емес. Бұл нәзікжандының екінші сәбиі. Тұңғышы – 3,5 жаста. Оның қарындасы наурыздың бірі сағат таңғы алтыда дүние есігін ашыпты.

Аягөз Құсайынова:

– Нәрестем болжам бойынша наурыздың төрті тууы тиіс еді. алайда, іштей бірі туса деп тілеген едім. Осылайша, қызым арманымды орындады.

Наурыздың бірі – алғыс айту мерекесінде облыстық перинаталдық орталықта 11 сәби өмірге келген. Олардың алтауы ұл, ал бесеуі қыз бала. Қуантары, бәрінің дені сау, 12 мүшесі бүтін. Бұл жандарды облыстық ҚХА жанындағы аналар кеңесі мен этномәдени орталықтардың өкілдері құттықтай келіп, ақ баталарын берді.

Жас аналардың қуанышын бөлісуге келген делегацияға 80-нің алтауына шыққан кейуана Сапура әжейдің өзі бас болып жүр. Көпті көріп, көненің көзі болып отырған әрі 7 бірдей баланы тәрбиелеген тәжірибелі ана жастарға ақыл-кеңестерін айтып, базарлықтардан тарту жасады.

Сапура қажы Тәшенова – СҚО аналар кеңесі мен әжелер мектебінің мүшесі:

– Сәбилердің бауы берік, болашағы кемел болсын деп келдік. Жасым 86-да болса да, мұндай шаралардан шет қалмаймын. 

Мұндай игі шараны өңірлік ҚХА ұжымы осымен екінші мереке қатарынан ұйымдастырып отыр. Ұйым өкілдері үшінші қалалық аурухананың перзентханасына да бас сұққан. Мұнда мереке күні 4 нәресте жарық дүниеге аяқ басыпты.

Саят Ермек